Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жол апатынан дәрігер әйел көз жұмды. Қайғылы оқиғадан кейін сол күні оның баласы да өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды ult.kz.
Жол-көлік оқиғасы 23 қарашада Қандыағаш – Шалқар тасжолының Жұрын кенті маңында болған. Renault автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіне шығып кетіп, көлік аударылған.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші әйел оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қаза тапқан әйелдің Мұғалжар аудандық ауруханасында оториноларинголог дәрігер болып жұмыс істегені белгілі болды. Аурухана ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Әріптестері Назгүл Мұратқызын өз ісіне адал, білікті маман, мейірімді әрі жауапкершілігі жоғары дәрігер ретінде еске алды. Ол бар ғұмырын адам денсаулығын сақтауға және науқастарға көмек көрсетуге арнаған.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігер жол апаты кезінде еңбек демалысында болған. Ал оның баласы сол күні өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл мәліметті облыстық полиция департаменті де растады.