Атырау облысында экологиялық талаптарды бұзған «ЖАН и КС» мұнай компаниясына салынған 3 млрд теңгеге жуық айыппұл сот арқылы жойылмады. Қазіргі уақытта оның 490 млн теңгеден астамы өңір бюджетіне өндірілді. Бұл туралы Атырау облысының прокуратурасы хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Прокуратураның табиғат қорғау саласындағы тексеруі кезінде компанияның ұңғымаларды бұрғылау барысында бұрғылау шламы мен пайдаланылған бұрғылау ерітінділерін заңсыз жинақтағаны анықталған. Осы заңбұзушылық үшін кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы 6-бөлігі бойынша жауапқа тартылған.
Алайда компания салынған айыппұлмен келіспей, сотқа шағым түсірген. Дегенмен сот инстанциялары оның талаптарын қанағаттандырмады. Осылайша, айыппұл салу туралы қаулы заңды күшіне енді.
Қазір айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сот орындаушылары Атырау облысының бюджетіне 490 млн теңгеден астам қаражат аударған. Қалған берешекті өндіріп алу прокуратураның бақылауында.
Айта кетейік, заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, экологиялық құқық бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдардан түскен қаражат енді республикалық емес, жергілікті бюджетке түседі. Яғни, табиғатқа келтірілген залал үшін өндірілген қаржы өңірдің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне жұмсалатын болады.
Еске салайық, бұған дейін прокуратура Атырау мұнай өңдеу зауытында экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатысты тексеру бастаған еді. Бұған қалада ауаның ластану деректерінің тіркелуі, сондай-ақ тұрғындардың жағымсыз иіс пен атмосфераға тарайтын зиянды заттарға қатысты шағымдары себеп болған.