Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

TikTok ата-аналарға балаларын бақылауға арналған жаңа құралдарды іске қосты

TikTok ата-аналарға балаларын бақылауға арналған жаңа құралдарды іске қосты
Freepik

TikTok жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту және жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті анықтау үшін бірқатар жаңа құралды таныстырды. Жаңартулар ата-аналарға балаларының платформадағы белсенділігін бақылауға, ал креаторларға өз бейнесінің келісімінсіз пайдаланылуынан қорғануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ult.kz.

Платформа «Отбасылық баптаулар» функциясын кеңейтті. Енді ата-аналар жасөспірімнің TikTok-та қанша уақыт өткізетінін, түнгі белсенділігін, жазылушылары мен өзі жазылған аккаунттардың санын көре алады. Сондай-ақ баласының бұғаттаған профильдерін және жариялаған ашық бейнероликтерін бақылауға мүмкіндік бар.

Бұған қоса, ата-аналар жасөспірімнің қандай тақырыптарға қызығатынын түсіну үшін ол жазылған креаторлардың бейнероликтерін көре алады. Бұл деректер күн сайын жаңартылып отырады. Жаңартылған функция веб-браузер арқылы да қолжетімді болады.

TikTok алдағы уақытта жасөспірім суицид немесе өзіне зиян келтіру тақырыптарын бірнеше рет іздеген жағдайда, ата-аналарға ескерту жіберетін жүйені де енгізуді жоспарлап отыр. Хабарламамен бірге баламен бұл тақырыпты қалай талқылау керектігі туралы кеңестер беріледі.

Сонымен қатар платформа мұғалімдерге арналған арнайы нұсқаулық әзірледі. Онда TikTok-тың қауіпсіздік құралдары, цифрлық әл-ауқат және медиасауаттылық мәселелерін оқушылармен талқылау жолдары қамтылған.

Жасанды интеллект контентін анықтайтын құрал

TikTok жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген сурет пен бейнені анықтауға арналған жаңа мүмкіндікті де іске қосты. Оны платформада аккаунты жоқ адамдар да пайдалана алады. Ол үшін материалды TikTok-тың Ашықтық орталығына жүктеу қажет.

Контентті тексеру кезінде цифрлық белгілер мен көрінбейтін сутаңбалар қолданылады. Олар материал жүктелгенде немесе өңделгенде де сақталуы мүмкін. Платформа мәліметінше, қазірдің өзінде ЖИ көмегімен жасалған 5 миллиардтан астам бейнеролик арнайы белгіленген.

Креаторлардың бейнесін рұқсатсыз пайдаланудан қорғайды

Платформа Likeness Detection деп аталатын жаңа құралды да кезең-кезеңімен енгізбек. Ол креаторлар мен қоғам қайраткерлерінің сыртқы келбеті келісімінсіз пайдаланылған ЖИ контентін анықтауға мүмкіндік береді.

Құралды пайдалану үшін авторлар үшінші тарап серіктесі арқылы жеке басын растауы керек. TikTok бұл ретте жеке куәлік деректерін сақтамайтынын мәлімдеді. Авторлар өз бейнесі пайдаланылған материалдар туралы хабарлама алып, ереже бұзылған жағдайда шағым түсіре алады.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы шілдеде TikTok қосымша ішінде ЖИ сауаттылығына арналған білім беру бөлімін іске қосқан. Платформа дерегінше, оған осы уақытқа дейін 4 миллионнан астам пайдаланушы кірген.

Жаңа бастамалар жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігін күшейтуге, ата-аналардың бақылау мүмкіндігін кеңейтуге және жасанды интеллект дәуірінде контент авторларының құқықтарын қорғауға бағытталған.