Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ырысбаланың бауырының тойында уыстап ақша шашқаны талқыға түсті

Ырысбаланың бауырының тойында уыстап ақша шашқаны талқыға түсті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Түркістан облысының Шардара ауданында өткен тойда блогер Ырысбала туған бауырының қуанышына уыстап ақша шашты. Тойдан тараған видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, жұрт екіге жарылды, деп хабарлайды ult.kz.

Желі қолданушыларының бір бөлігі мұны орынсыз мақтан мен ысырап деп бағалады. Олардың пікірінше, той иесіне ақшалай сыйлық бергісі келген адам оны қолына ұстата алады. Енді бірі блогердің әрекетін жақтап, әркім өз ақшасын қалай жұмсайтынын өзі шешетінін айтты. Олар Ырысбаланың бауырының қуанышына ортақтасып, тойға келген жұртқа шашу шашқанын алға тартты.

Айта кетейік, Дариға Бадықованың Тараздағы сән-салтанатты қарсы алуы сынға ұшырады.

Ырысбала Икрамбай кім?

Ырысбала Мейрамханқызы Икрамбай — қазақстандық блогер, қайырымдылық шараларын ұйымдастырушы. Өзі 1995 жылы туғанын айтқан. Туған жері — Түркістан облысының Шардара ауданы. Төрт баланың анасы әлеуметтік желідегі парақшасында отбасы, бала тәрбиесі және күнделікті тұрмыс туралы жазбалар жариялап, қоғамдағы мәселелерге де пікір білдіреді.

Ол көпшілікке “Ырысты армия” қайырымдылық бастамасы арқылы кеңінен танылды. Блогер әлеуметтік желідегі оқырмандарын жұмылдырып, баспанаға мұқтаж отбасыларға үй сатып алуға қаражат жинаған. Malim.kz дерегінше, өзі басқаратын “Ырысты” қоғамдық қайырымдылық қоры 2023 жылғы 30 қаңтарда Шымкентте тіркелген.

Ырысбала кей отбасыларға жеке қаражатынан да көмектескенін айтқан. Мәселен, 2023 жылы Шардара ауданының Қазақстан ауылында өткен концертте алты балалы отбасыға баспана алуға 10 миллион теңге берген. Ал 2024 жылғы ақпанда бес балалы анаға үйдің кілтін табыстап, оны “Ырысты армия” бастамасы аясында берілген 95-баспана деп атаған.