Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Аяусыз талдау күтіңдер": Бадықовамен сөзге келген психолог қарап қалмады

"Аяусыз талдау күтіңдер": Бадықовамен сөзге келген психолог қарап қалмады
Фото-коллаж: ult.kz/ ЖИ-мен өңделген

Актриса Дариға Бадықова мен психолог Шолпан Есмағанбетованың арасындағы дау жалғасып жатыр. Психолог өнер иесінің өзіне қарата айтқан сөздеріне YouTube арнасында жауап беріп, бұл мәселемен әлі де айналысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Шолпан Есмағанбетова бұған дейін айтқан сөздеріне түсініктеме беріп, өнер иелерінің өзіне ренжігенін мысқылға айналдырды. Ол кейбір тіркестерді еркелету мағынасында қолданғанын алға тартты.

"Мына екеуі өзінше ұялып қалыпты ғой. "Носорогқа" ренжіп, "боқ-боққа" ренжіп. "Боқ-боқ" деген еркелетіп айтылған сөз ғой. "Сен сондай кір-қожалақсың" деген сияқты. Неге сонша ренжисіңдер? Неткен өкпешілсіңдер", – деді психолог.

Сондай-ақ ол актрисаның сынға қатысты көзқарасын келемеждеп, өзіне бағытталған ескертулерді қорқыту деп қабылдағанын аңғартты.

"Қалай ғана дәтің барады? Мен ағылшын патшайымымын, күндей жарқыраған Дариғамын. Нұрсұлтанқызы болмасам да, Дариғамын. Ал сен шыққан тегің белгісіз біреусің дегендей. 1937 жылды орнатып жібердіңдер ғой", – деді Есмағанбетова.

Психолог бұл дауға нүкте қоюға асықпайтынын да жеткізді. Ол алдағы уақытта өнер иелеріне қатысты кезекті талдауын жариялайтынын айтты.

"Мен Дариғамен де, басқа Дариғамен де сөйлестім. Енді менен аяусыз талдау күтіңдер. Быт-шыттарын шығарамын. Шындықты айту керек, ешкім оған тыйым салған жоқ", – деді психолог.

Айта кетейік, қос тараптың арасындағы келіспеушілік Шолпан Есмағанбетованың Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың жеке басына қатысты пікірінен кейін басталған. Психологтың сөздеріне шамданған актриса өз парақшасында түсірілім жұмыстары аяқталған соң бұл мәселеге қайта оралатынын ескерткен еді. Сонымен қатар Бадықова психологты өзінің есебінен танымал болуға тырысты деп айыптаған еді.

Әзірге актрисаның Есмағанбетованың соңғы мәлімдемесіне берген жауабы расталмады.