Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Мәселе бойда емес": Мәдина Сәдуақасова батыл қадамға бармақ

"Мәселе бойда емес": Мәдина Сәдуақасова батыл қадамға бармақ
Фото-коллаж: ult.kz/ ЖИ-мен өңделген

Қазақстандық танымал әнші Мәдина Сәдуақасова модель ретінде сән көрсетіліміне қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

47 жастағы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше образдағы суреттерін жариялап, оқырмандарымен қуанышты жаңалығын бөлісті. Әнші бойының аласа болуы сән әлеміне қадам басуына кедергі емес екенін айтты.

"Бойым 159 см болса да, бәрібір Мәдинаны подиумнан көресіздер! Мәселе мүлдем бойда емес, өзіңе деген сенімділікте. Ал маған сәттілік тілейтін жандардың өзін-өзі бағалауы менікімен бірдей жоғары болсын деп тілеймін!", – деп жазды әнші.

Өнер иесінің жаңа образы әріптестерінің де назарынан тыс қалмады. Балжан Бидаш, Жұлдыз Әбдікәрімова және Мөлдір Мұқанова әншінің суреттерін жоғары бағалады.

Ал желі қолданушылары Сәдуақасованы әлемге әйгілі актрисаларға теңеп, оның талғамына тәнті болғандарын жеткізді.

"Италиялық актриса Софи Лорен екен деп қалдым", "Хема Малини секілдісің", "Соңғы кездері Мәдина Сәдуақасованың стилі ерекше өзгерді", "Керемет образ", – деп жазды оқырмандар.

Мәдина Сәдуақасова кім?

Мәдина Бақытжанқызы Сәдуақасова – қазақ эстрадасының танымал әншісі, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1979 жылы 8 қыркүйекте дүниеге келген, балалық шағы Қызылорда қаласында өткен.

Қызылорда музыкалық колледжінің хор дирижерлігі бөлімін үздік бітірген. 1999 жылы "Жас қанат" республикалық жастар байқауында жеңімпаз атанып, өнер жолында Роза Рымбаеваның қолдауына ие болған.

Әнші "Махаббат жалыны", "Сүйген жүрек", "Сарбаздар", "Жүрегіме бағынбаймын" сынды әндерімен көпшілікке танылды.

2011 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алса, 2017 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды.