Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жаңа құрамын бекітті. Комиссия төрайымы болып «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай тағайындалды, деп хабарлайды ult.kz.
Құжатқа сәйкес, комиссия төрағасының орынбасарлары болып Құрылтай депутаты, Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева және кәсіпкер, Астана әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Назгүл Мәжкенова тағайындалды.
Ал комиссия хатшысы қызметіне гендерлік және отбасылық саясат саласының сарапшысы Гауһар Нұрахметова келді.
Жаңартылған құрамға барлығы 30 адам енген. Олардың қатарында Парламент, қоғамдық ұйымдар, ғылым, бизнес, медицина, білім беру және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Комиссия мүшелерінің арасында қоғам қайраткері Ләззат Қалтаева, Назарбаев университетінің вице-президенті Гүлмира Қанай, журналист Айгүл Мүкей, TechnoWomen басқарма төрайымы Әзиза Шүжеева, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев, психиатр-дәрігер Николай Негай және Қазақстандық қоғамдық даму институтының басшысы Жұлдызай Искакова бар.
Сондай-ақ комиссия құрамына балалар құқығын қорғау, репродуктивті денсаулық, демография, отбасылық қарым-қатынас және әлеуметтік саясат саласының мамандары енгізілген.
Ұлттық комиссия әйелдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, отбасы институтын нығайту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру мәселелерімен айналысады.