Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Кездесуде заң шығару жұмыстарының нәтижесі, республикалық бюджет және «Әділет» партиясының қызметі талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, қазіргі уақытта депутаттар 18 заң қабылдап, тағы 38 заң жобасын қарастырып жатыр.
Сонымен қатар жаңа Азаматтық кодекс әзірленуде. Балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау бағыттарындағы заңнамалық бастамалар да пысықталып жатыр.
Кездесу барысында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қабылданғаны айтылды. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қосымша 47 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады.
Заңдардың орындалуы бақылауға алынады
Айбек Дәдебай қабылданған заңдардың іс жүзінде қалай орындалып жатқанын бақылауды күшейту шаралары туралы да баяндады.
Атап айтқанда, заңдардың тиімділігін және қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалауға арналған заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілген.
Сондай-ақ заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін e-Quryltai жүйесі мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Кездесуде халықпен кері байланысты нығайту мәселесі де қозғалды. Сессия басталғалы азаматтар көтерген әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша депутаттар 111 сауал жолдаған.
Халықаралық ынтымақтастық та талқыланды
Құрылтай Төрағасы сарапшылармен, қоғамдық ұйымдармен, өңірлердегі және халықаралық серіктестермен байланысты нығайту бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатылған.
Бұдан бөлек, Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллект негізінде әзірленген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылған.