Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері цифрлық сауда алаңдарын, банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктерін еркін пайдалана алуы керек екенін айтты. Сондай-ақ шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажеттігін атап өтті. Бұл туралы Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге бөлінген. Оның нәтижесінде ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Алайда Мемлекет басшысы осы жұмыс орындарының қазіргі уақытта сақталған-сақталмағанын анықтау керектігін айтты. Сондай-ақ бағдарламаның аясын кеңейту қажет екенін жеткізді.
«Цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек. Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек», – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы шағын шаруашылықтары бар аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құруды тапсырды.
Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуы тиіс.