Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсаратынын айтты. Бұл туралы Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің айтуынша, биылғы Жолдауда көрініс тапқан «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдің барлық өңірін қамтитын ауқымды жоба болмақ.
Оның аясында еліміздің әр аймағында емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт нысандары салынады. Сонымен қатар сапалы жолдар төселіп, атом, су және электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары бой көтереді.
«Жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Түптеп келгенде, «Халықтық құрылыстың» игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері көреді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұндай ауқымды құрылыс жұмыстары Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмағанын атап өтті.
«Сондықтан біз «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз», – деді Президент.