Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Бір қағаз диплом ештеңе шешпейді»: Төреғалидің қарындасы «Хабар» арнасынан шақырту алғанын айтты

«Бір қағаз диплом ештеңе шешпейді»: Төреғалидің қарындасы «Хабар» арнасынан шақырту алғанын айтты
ашық дереккөз

Әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін оқырмандардың сынына ұшырады. 23 жаста екенін және үш баласы барын айтқан ол жоғары білім алудан гөрі отбасын құруды таңдағанын, дипломсыз-ақ кәсібі мен табысы бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Instagram парақшасында Дина Төреәлі (tattti_kyz) білім алу ешқашан кеш емес екенін, алайда диплом адамның жетістігін анықтамайтынын жазған.

«Оқуды емес, отбасы болуды таңдадым сол сәтте! Оқу, білім алу ешқашан да кеш емес және одан қашпаймын. Бірақ сендер ойлаған бір қағаз диплом ештеңені шешпейді. Потенциалың жоқ болса, 10 дипломың болса да көмектеспейді! Дипломым жоқ – бизнесім бар, дипломым жоқ – табысым бар», – деп жазды ол.

Сондай-ақ күнделікті дамуға көңіл бөліп жүргенін жеткізді.

Оның бұл пікірі желі қолданушыларының арасында қызу талқыланды. Кейбір оқырман дипломның маңызын төмендеткенімен келіспей, түрлі мамандық иелерінің еңбегін мысалға келтірді.

«Егер бір қағаз диплом ештеңе шешпесе, не үшін ауырғанда дипломсыз-ақ емдей алатын бақсы-балгерге емес, тоғыз жылын оқуға арнаған дәрігерге барасың? Ал саған әріп танытып, оқу мен жазуды үйреткен мұғалім ше? Оның да еңбегі бір қағазбен өлшене ме? Басыңа іс түсіп, құқығың тапталғанда дипломы жоқ біреуді емес, заңды білетін маманды іздейсің ғой», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір оқырман журналистика мен өнер саласында білім алған мамандардың еңбегі мен мемлекеттік қаржының жұмсалуын алға тартып, дипломсыз-ақ табыс табатынын айтудың дұрыс еместігін жеткізген.

Бір қызығы, Тәтті қыз кейінгі сторисінде «Хабар» телеарнасынан жүргізушілікке ұсыныс түскенін де хабарлаған. Ол бұл ұсынысқа қатысты әзірге қосымша мәлімет бермеген.