Астанада ғылыми жобаны жүзеге асыруға бөлінген мемлекеттік грант қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келген, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023 жылы жеке кәсіпкер «Ғылым қоры» АҚ-дан өсімдік майын қайта өңдеу өндірісін ашу үшін 350 млн теңгеге дейін грант алған.
Алайда қаражат жабдықтар мен шикізат сатып алу сылтауымен кәсіпкердің бақылауындағы компаниялардың шоттарына аударылған. Жобаға қажетті үш өндірістік желінің орнына талапқа сай келмейтін екі қондырғы ғана алынған. Өндіріс іске қосылмаған, өнім шығарылмаған.
Жымқырылған ақшаның бір бөлігі кәсіпкердің шоттарына қайтарылып, жеке инвестиция ретінде рәсімделсе, тағы бір бөлігі автокөліктердің лизинг жарнасына жұмсалған.
Бұдан бөлек, жобаны бақылауға жауапты орталық қызметкері заңбұзушылықтарды жасырғаны үшін 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алған.
Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен алты автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.