Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында Шымкент қаласын оңтүстік өңірдегі ірі ғылым және білім орталығына айналдыру жоспарымен бөлісті. Осы мақсатта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталықтары саналады. Ал ендігі кезекте Шымкенттің осы бағыттағы әлеуетін арттыру көзделіп отыр.
Президент бұл бағытта бірқатар нақты қадам жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, қалада Аризона штаты университетінің білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар Түркияның Гази университетінің филиалы ашылған.
«Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Қаладағы әрбір бесінші студент осы білім ордасында оқиды.
Мемлекет басшысы ұлттық мәртебе университетпен қатар, оған жауапты министрлікке де үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Сондықтан оқу орны сапалы білім мен терең ғылымның ошағына, өңірдің зияткерлік орталығына айналуға тиіс екенін жеткізді.