Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларын тексеруді тапсырды

Тоқаев ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламаларын тексеруді тапсырды
Ақорда

Қазақстанда соңғы жеті жылда агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есе өсіп, 7 миллиард долларға жуықтаған. Алайда ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігіне күмән келтірген Мемлекет басшысы Үкіметке олардың барлығына жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Президенттің сөзінше, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығында бірқатар оң өзгеріс болған. Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі 28 пайызға өскен. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылған.

Ал агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтаған. Оның ішінде өңделген өнімнің үлесі 52 пайызға жеткен.

Сонымен қатар былтыр соңғы 20 жылда алғаш рет ауыл шаруашылығының ұлттық санағы жүргізіліп, саланың нақты жағдайы туралы деректер жиналған.

Ауылды қолдау бағдарламаларына талдау жүргізіледі

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қолдауға арналған бағдарламалардың көптігіне назар аударды. Оның айтуынша, қазір «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және басқа да жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Алайда Президент бағдарламалардың саны емес, олардың нақты нәтижесі маңызды екенін атап өтті.

«Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Үкіметке ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған бағдарламаларға жан-жақты талдау жүргізу тапсырылды.

Президент әр бағдарламаның нақты мақсаты мен міндеті болуы керектігін, ал олардың нәтижесі шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі тиіс екенін айтты. Сондай-ақ бұл жұмыс мемлекет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.