Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Атакент маңындағы түнгі атыс алматылықтарды шошытты (видео)

Атакент маңындағы түнгі атыс алматылықтарды шошытты (видео)
видеодан скриншот

Алматыдағы «Атакент» көрме орталығы маңында түнгі уақытта атыс болғаны туралы хабар тұрғындарды алаңдатты. Оқиға орнына барған полицейлер күдіктіні көп ұзамай ұстап, оның пәтерінен қару-жарақ пен оқ-дәрі тапты, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға түнгі сағат 02:00 шамасында болған. Бостандық аудандық полиция басқармасына белгісіз біреудің атыс қаруына ұқсас заттан оқ атқаны туралы хабар түскен.

Куәгердің айтуынша, дулыға киген ер адам мылтыққа ұқсас заттан оқ атып, кейін велосипедпен оқиға орнынан қашып кеткен.

Хабарлама түскен бойда оқиға орнына «Буран-431» патрульдік экипажы жіберілді. Полицейлер күдіктінің қозғалған бағытын анықтап, көп ұзамай оны пәтерлердің бірінен ұстады.

Пәтерді тінту кезінде бөлшектелген тегіс ұңғылы мылтық, 100 оқ және екі гильза табылды. Барлық қару мен оқ-дәрі тәркіленді.

Заңсыз қару айналымы дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиға кезінде шынымен оқ атылған-атылмағаны да анықталады.