Қазақстанда алғаш рет Қызыл кітапқа енген Түркістан сілеусініне спутник арқылы бақылауға мүмкіндік беретін GPS-қарғыбау орнатылды. Жыртқыштың қозғалысы мен мекендеу аумағы енді арнайы құрылғы арқылы зерттеледі, деп хабарлайды ult.kz.
«Қазақ орманы» мәліметінше, 2026 жылғы 20 қарашада Алматы облысы Кеген ауданындағы Алғабас ауылы маңынан сілеусін табылған. Ол Шелек өзенінің бойында, «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің шекарасына жақын аумақта жүрген.
Мамандар бақылау кезінде жыртқыштың шибөрі өлексесімен қоректеніп жатқанын байқаған.
Одан кейін «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің қызметкерлері мен Зоология институтының мамандары бірлесіп, сілеусінді қауіпсіз ұстап, физиологиялық жағдайын тексерген. Зерттеу барысында жануарға GPS-трекері бар арнайы қарғыбау тағылды.
Сілеусіннің қозғалысы спутник арқылы бақыланады
Жаңа технология мамандарға жануардың қай бағытта қозғалатынын, қандай аумақты мекендейтінін және белсенділігін зерттеуге мүмкіндік береді.
Қажетті ветеринариялық және ғылыми зерттеу шаралары аяқталғаннан кейін сілеусін табиғи ортасына қайта жіберілген. Мамандардың мәліметінше, оның қазіргі жағдайы бірқалыпты.
Бұл зерттеу Қазақстандағы сирек кездесетін жыртқыштардың тіршілігін тереңірек зерттеуге және оларды қорғау шараларын жетілдіруге мүмкіндік береді.