Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Владимир Фридман: «Звягинцев актерге ашылуға мүмкіндік береді»

Владимир Фридман: «Звягинцев актерге ашылуға мүмкіндік береді»
Израильдің Қазақстандағы елшілігінің баспасөз қызметінен

20 қарашада Астанада израильдық танымал театр және кино актері, режиссер, драматург әpi музыкант Владимир Фридманның мәдени кеші өтті.  Ult.kz тілшісі кеш барысында В. Фридманмен жүзбе-жүз сұқбаттасып, кеш туралы пікірін біліп, шығармашылығы және атақты режиссер Андрей Звягинцевпен жұмысы туралы сұрады.

Мәдени кеште гитараның сүйемелдеуімен орындалатын әндер, музыка және жеке естеліктер арқылы өнер иесі көрерменге өзінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы сыр шертті. Ресейде туып өскен ол өзінің Израильге коныс аударуы, жаңа елде өз орнын табуы, сондай-ак Израиль тетры мен кино өнеріндегі жолының қалыптасуы жайында естеліктерімен бөлісті.

—    Бұл бағдарламада мен өз өмірім, Израильмен таныстығым, тағдырыма әсер еткен адамдар мен оқиғалар туралы әңгімелеймін. Дегенмен сахнада қозғайтын тақырыптарымның көбі барша адамға ортақ, олар —туған үй, естелік, махаббат, таңдау және уақыт. Көрермендер менің әңгімелерімді тыңдап қана қоймай, олардың арасынан өз өміріне жақын тұстарды да табады деп үміттенемі.

Владимир Фридман Астанадағы кеште / Фото: Израильдің Қазақстандағы елшілігінің баспасөз қызметінен

Ең жақсы серіктесім — гитара

Жаңа елге көшкенде ол шығармашылық серігі — гитарасымен қош айтысамын деп ойлаған екен. Бірақ тағдыры оның барлық қырының ашыла түсуіне мүмкіндік беріпті. 

Біз одан музыка ол үшін жай ғана хобби ме, әлде актерлік мамандықта айтылмайтын нәрсені жеткізу тәсілі ме екенін сұрадық. Сонда ол өзіннің ең алдымен театр және кино актері екенін нақтылап алды. Содан кейін:

— Сахнада гитарамен орыс тілінде орындайтын әндерім арқылы адамдармен дәл сол сәтте бөліскім келетін оқиғаларды жеткіземін. Бірақ ондай оқиғалар туралы фильмге түсуге мүмкіндік болмауы немесе лайықты рөлді ұзақ күтуім мүмкін. Сондықтан ән айту – мен үшін ішімдегіні жеткізудің бір жолы. Ең жақсы серіктесім – гитара. Алты ішек, үш минут... Осы уақыт ішінде жан дүниеңдегіні әнмен жеткізе аласың. Яғни, өзіңіз айтқандай, ішкі күйімді, айтқым келген сырды кейіпкердің атынан емес, бірінші жақтан, өз атымнан бөлісуге мүмкіндік аламын.

—    Ал сізге не жақын: театр, кино, әлде музыка ма?

— Үшеуі де маған бірдей жақын. Оларды бір-бірінен бөліп-жармаймын. Күнделігімді ашып қарасаңыз, онда кино түсірілімдерінің күндері, театрдағы репетициялар мен спектакльдер, сондай-ақ концерттер жазылған. Бұл – менің өмірімдегі үш түрлі бағыт. Олардың барлығы өмірімнің ажырамас бөлігіне айналғанына қуаныштымын. Үшеуі де маған қызық. 

Аталған іс-шара Израильдің Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен өтіп отыр. Мәдени кешке 150 ден астам көрермен қатысты. Олардың арасында өнер және білім саласының өкілдері, журналистер, дипломаттар мен Қазақстанның мәдениет мекемелерінің өкілдері болды.

Астанадағы мәдени кеш / Фото: Израильдің Қазақстандағы елшілігінің баспасөз қызметінен

Минотаврдегі рөл және Андрей Звягинцевпен шығармашылық байланыс

Владимир Фридман Израиль кинематографиясындағы фильмдерде, телехикаяларда және театр қойылымдарында сомдаған рөлдерімен белгілі. 
Оның фильмографиясында «Янаның достары», «Сынған қанаттар», сондай-ақ әйгілі актриса, режиссер Натали Портман түсірген «Махаббат пен қараңғылық туралы хикая» бар. Оның кинодағы соңғы танымал рөлі биыл «Канн» кинофестивалінде бас жүлде алған Андрей Звягинцевтің «Минотавр» фильміндегі қала мэрінің рөлі. 

Фридман Звягинцевті «Ұлы режиссер» деп есептейді. Режиссердың шығармашылығын көрермен ретінде сүйіп тамашалағанын айтады. Бірақ оның фильміне түсемін деген актердың ойына да кіріп-шықпапты.

Біз сұқбаттасымыздан Звягинцевпен жұмыс барысы туралы, режиссердың түсірілім алаңында жұмыс істеу ерекшелігі қандай екенін сұрадық.

— Ол – таңғажайып адам, үлкен суреткер. Сонымен қатар өте қарапайым, сабырлы жан. Алғашқы кездесуден-ақ оны жүз жылдан бері білетіндей, бұрыннан бірге жұмыс істеп жүргендей әсерде болдым.

Ол актерлерге ерекше сенім артады. Сондай сәтте еріксіз: «Ол маған осынша сенім білдіріп отыр, енді нашар ойнауға болмайды», – деп ойлайсың. Звягинцевпен жұмыс істеу өте жайлы. Ол саған жақын туысыңдай әсер қалдырады. Басқа актерлердің барлығы да ол туралы осындай пікірде.

Звягинцев өзін сырт көзге қалай көрсететініне немесе ұлы режиссер ретіндегі мәртебесіне бас қатырмайды. Ол актерлерге еркіндік беріп, шығармашылық тұрғыдан ашылуына мүмкіндік жасайды. Мұндай жағдайда жақсы ойнамау мүмкін емес. 

Түсірілім алаңында бәріміз біртұтас, ұйымшыл команда болдық. Аз уақыттың ішінде жақын араласып, бір-бірімізге бауыр басып кеттік.

Андрей Звягинцев Канн кинофестивалінің марапатында / Фото: JP Pariente/SIPA/picture alliance

— Фильмдегі сіз сомдаған персонаж күрделі. Ал сізге фильмде ойнау қиын болды ма?

— Фильмде біржақты жақсы немесе жаман кейіпкерлер жоқ, әр адамның өз мінезі мен ұстанымы бар. Мен ойдан шығарылған Красноборск қаласының әкімін сомдаймын. Ол – жүйенің адал қызметшісі. Оған «арнайы операцияға» қала тұрғындарының белгілі бір бөлігін жіберу туралы тапсырма беріледі. Содан кейін ол өзіне бағынышты зауыт басшыларын жинап алып, әрқайсысына қанша адам бөлу керектігін бұйырады.

Бір күні олар бас қосып, бірге арақ ішеді. Сол отырыс кезінде әкім зауыт басшыларына алда жаңа тапсырмалар түсетінін және ол үшін ақы төлеу қажеттігін айтады. 

Мұндай кейіпкерлер өмірде өте көп. Мен Израильде 35 жылдан бері тұрамын, ондағы өмір мүлде басқаша. Дегенмен, бала кезімнен кеңестік партия хатшыларын көріп өскендіктен, мұндай адамдардың болмысы маған таныс. Бір көрермен кейіпкерімнің Челябі немесе Иркутск облысының губернаторына ұқсайтынын жазыпты. Мен ол адамдарды көрмесем де, олардың қандай қызмет атқаратынын білемін. Сондықтан бұл рөлді сомдау маған аса қиын болған жоқ. Кейіпкердің мінезі мен іс-әрекеті түсінікті болды.

 — Таныс бейне, иә?

— Иә, бәрі түсінікті. Бұл – адамдардың белгілі бір типі. Бәрімен тіл табыса алатын, қай ортада да өзіне тиімді жол табатын қу адамдар. Барлығына жағымды көрінуге тырысады. Қажет кезде сені басып тастаса, қажет емес кезде мақтап жібереді. Тек өз мүддесін ойлайды. Мұндай адамдар елге немесе басқа жағдайларға қарамастан, барлық жерде кездеседі. Менің кейіпкерім де – сондай типтегі адам.

Алайда Андрей Звягинцевтің арқасында ол әлдеқайда жарқын кейіпкер болып шықты. Оған алғысым шексіз. Фильмдегі экран уақыты аз болса да, көрерменнің есінде қалатын кейіпкер болды. Бұл мен үшін өте жағымды. Оның үстіне, кейіпкерімнің күлкілі тұстары да бар. Францияда болсын, басқа елдерде болсын, көрермендердің оның әрекеттеріне бірдей күлетінін білемін. Бұл да мені қуантады.

Владимир Фридман Астанадағы кеште / Фото: Израильдің Қазақстандағы елшілігінің баспасөз қызметінен

— «Минотавр» фильмінен кейін сізді актер ретінде халықаралық кино әлемінде қалай қабылдай бастады?

— Иә, мен түскен фильм қазір көптеген елде көрсетіліп жатыр. Соның нәтижесінде көрермендер бұрын байқамаған жаңа актерді танып жатыр. Дегенмен, әзірге мұндай өзгерісті өзім сезіне қойған жоқпын. Яғни таңертеңнен кешке дейін жаңа рөлдер туралы ұсыныстар түсіп жатқан жоқ.
Екінші жағынан, Андрей Звягинцевтің есімі әлемге жақсы таныс. Бұған дейін де америкалық және француз фильмдеріне түскенмін. Қазір актерлердің кастингтен өту процесі де өзгерді. Zoom пайда болғалы бері режиссермен кездесіп, арнайы бір жерге барудың қажеті жоқ. Өзіңді ұялы телефонға түсіріп, рөлдің мәтінін ойнап, бейнежазбаны жібересің. Қазір актерлердің басым бөлігі осылай жұмыс істейді. Пандемиядан кейін бұл әдіс актерлік әлемде кеңінен қолданыла бастады. Мен де Звягинцевтің кастингіне осылай қатыстым.

Жалпы, үнемі кастингтерге қатысып жүремін. Бірақ олардың немен аяқталатынын ешқашан білмейсің. Мысалы, Звягинцевтің кастинг-директорының маған қалай тап болғанын нақты айта алмаймын. Ол менің бұған дейін басқа фильмге түсу үшін жіберген сынақ бейнежазбамды бір жерден көрген екен. Содан кейін мені де байқап көруге болады деп шешкен. Кастингке басқа да көптеген актер қатысқан. Ақырында Звягинцев мені таңдады. Бұл, әрине, жағымды.

Жалпы, бәрі осылай өрбиді. Біреу сені бір жерден көріп, белгілі бір рөлге лайық деп ойлайды. Содан кейін байланыс деректеріңді тауып, хабарласады да, кастингке шақырады. Егер бәрі ойдағыдай болса, бірге жұмыс істейсің. Мен бұл үшін арнайы ештеңе істемеймін. Барлығы осылай өздігінен өрбиді.

— Сіз Звягинцевтің шығармашылығына бас иетініңізді айттыңыз. Бұл Андрей Звягинцевтің фильмі екенін білгенде қуаныштан сценариймен таныспай, бірден келістіңіз бе?

— Звягинцев түсірілімге қатысатын актерлерге сценарийді толық оқуға бермейді. Басты кейіпкерлердің рөлін сомдайтын актерлер ғана бүкіл сценариймен танысады, өйткені оқиға желісі солардың айналасында өрбиді. Ал басқа актерлерге артық ақпарат берілмейді. Менің кейіпкерімнің оқиғадағы орнынан тыс жайттарды білуім міндетті емес. Оның үстіне, режиссердің көрерменге жеткізгісі келмейтін құпиялары да бар.

Дегенмен, мен үшін бұл шешуші мәселе емес еді. «Андрей Звягинцев» деген есімді көрген сәтте-ақ ұсынысқа келісер едім. Бірақ маған рөлді ұсынғанда, бәрін үлкен құрметпен жеткізді. Алдымен жоба туралы айтып, оның маған қызықты-қызықты емес екенін сұрады.

Мен бұл режиссерді көптен бері танып, шығармашылығын жақсы көріп келдім. Бір күні оның  көмекшілері хабарласып, кастингке шақырғанда, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Оның үстіне, қазір Звягинцевтің мен туралы жақсы пікір айтып жүргенін білемін. Бұл маған шексіз қуаныш сыйлайды.

Мен жаңбырды тоқтата алмаймын

— Қазір әлемдегі саяси жағдай шиеленісіп барады. Әркім өз мүддесін алға тартып, тек өзінің ғана ұстанымын дұрыс деп санайды. Осындай күрделі саяси ахуал өнерге қалай әсер етеді? Өнер адамдары үшін қандай да бір кедергілер туындай ма? Әлде, керісінше, саяси дағдарыс шығармашылық шабытқа серпін бере ме?

— Әлемнің әр түкпіріндегі дағдарыстар мені актер ретінде ерекше шабыттандырады деп айта алмаймын. Әр елдегі жағдай әртүрлі: бірінде бір мәселе болса, екіншісінде мүлде басқа жағдай қалыптасқан. Бүкіл әлем жан-жақтан қирап жатқандай көрінеді. Жақында жаһандық жылыну да күшейеді, содан кейін ешкімге ештеңе ойнаудың қажеті болмай қалуы мүмкін.

Мен бұл жағдайды өзгерте алмаймын, түсінесіз бе? Өзім білетін, қолымнан келетін іспен ғана айналыса аламын: адамдарға арнап спектакль қою, ән айту. Осы жұмысымды жалғастырып келемін. Жаңбыр жауса, қолшатыр аламыз, жаумаса, қолшатырсыз жүреміз. Өйткені мен жаңбырды тоқтата алмаймын ғой.

Әрине, адамдар бір-бірін жақсы көріп, әлемде бейбітшілік пен мәңгілік үйлесім орнаса, керемет болар еді. Бірақ әзірге олай болмай тұр. Адамдар өзара келісімге келе алмай жатыр. Сондықтан қалыптасқан жағдайды қабылдаймын. 

Қазақстанға екінші рет келген Владимир Фридман бұған дейін, шамамен 20 жыл бұрын, Алматыда екі концерт берген. Бұл жолы Астанаға алғаш рет табан тірегенімен, қаланы аралап көруге уақыты болмаған. Соған қарамастан, елорда туралы алғашқы әсері жақсы екенін жеткізді. Сондай-ақ актер Алматыдағы концертін, жергілікті театр және өнер академиясының студенттерімен кездесуін жылы еске алды.

Оның айтуынша, Қазақстандық актерлермен шығармашылық тұрғыдан ортақ тіл табысу қиын емес. Өйткені өнер адамдары қай елде өмір сүрсе де, бірдей кәсіби ұғымдармен сөйлеседі, ортақ мақсат-мүдделері бар. Әсіресе, жас актерлердің өнерге деген ынтасы мен оқытушылардың еңбегі оған ерекше әсер қалдырған. Фридманның пікірінше, өнер мен адам арасындағы байланыс үшін тілдің немесе елдің айырмашылығы кедергі бола алмайды.