Қазақстанда ресми жұмыс істейтін азаматтар жалақысынан әлеуметтік сақтандыру үшін 5 пайыз ұстатпайды. Бұл қаражатты жұмыс беруші өз есебінен аударады. Ал қызметкер жұмысынан айырылу, бала туу, еңбек ету қабілетінен айырылу сияқты жағдайларда мемлекеттен әлеуметтік төлем алуға құқылы. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі мемлекет, жұмыс беруші және қызметкердің ортақ жауапкершілігіне негізделген.
Мемлекет жүйенің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, жұмыс беруші әлеуметтік аударымдар төлейді, ал ресми еңбек ететін азамат әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда қаржылай қолдау алуға мүмкіндік алады.
Қызметкер қандай жағдайда әлеуметтік төлем алады?
Ресми жұмыс істейтін азаматтар бес түрлі жағдайда әлеуметтік төлем алуға құқылы:
- жүктілік және босану кезінде;
- бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты;
- жұмысынан айырылған жағдайда;
- еңбек ету қабілетінен айырылған кезде;
- асыраушысынан айырылған жағдайда.
Министрлік әлеуметтік аударымдардың 5 пайызы қызметкердің жалақысынан ұсталмайтынын ерекше атап өтті. Оны жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді.
Ал жеке табыс салығы, зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру төлемдері бұрынғы тәртіппен ұсталады.
2026 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін не өзгерді?
Жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты 2026 жылдан бастап әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдар бөлек есептеле бастады.
Қазір олардың мөлшерлемесі:
- әлеуметтік салық – 6%;
- әлеуметтік аударымдар – 5%.
Жалпы мөлшері еңбекақы төлеу қорының 11 пайызына тең. Министрліктің мәліметінше, бұл 2025 жылы қолданылған әлеуметтік салық мөлшерлемесінен аспайды.
Сонымен қатар әлеуметтік салық бүкіл еңбекақы төлеу қорынан есептелсе, әлеуметтік аударымдар үшін ең жоғары есептеу шегі 7 ең төменгі жалақы мөлшерінде белгіленген.
Бұл әсіресе жалақысы жоғары қызметкерлері бар кәсіпорындарға тиімді. Себебі жұмыс беруші 5 пайыздық әлеуметтік аударымды қызметкердің бүкіл жалақысынан емес, белгіленген шек аясында төлейді.
Әлеуметтік төлем алу үшін отбасының табысы маңызды ма?
Министрлік міндетті әлеуметтік сақтандырудың атаулы әлеуметтік көмектен айырмашылығын да түсіндірді.
Бұл жүйеде отбасының әл-ауқат деңгейі негізгі өлшем болып саналмайды. Ең бастысы – азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы және ол үшін әлеуметтік аударымдардың тұрақты төленуі.
Яғни табысы жоғары азамат та әлеуметтік аударымдары жүргізіліп отырса, заңда көзделген жағдайларда төлем алуға құқылы.
Министрлік міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі азаматтарды ресми жұмыс істеуге ынталандырып, күтпеген өмірлік жағдайларда қаржылай қолдау көрсетуге бағытталғанын атап өтті.