Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев әнші Мақсат Базарбайдың 50 жас мерейтойында ерекше тілек айтып, иығына шапан жапты, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі мерейтой иесіне сыйлығын екі жыл бұрын арнайы дайындап қойғанын айтып, көпшілікті күлкіге қарық қылды.
"Мына шапанды мен осыдан екі жыл бұрын 75-ке келгенде, әдейі Мақсат 50-ге келеді деп сақтап қойғанмын. Базардан алған жоқпын", – деді Алтынбек Қоразбаев.
Сондай-ақ әнші Мақсат Базарбайдың өнердегі өзіндік қолтаңбасын, қоңыр дауысын ерекше атап өтіп, шығармашылық табыс тіледі. Алайда көпшілік секілді жүз жасқа толуын тілемей, әзіл аралас батасын берді.
"Мақсат, мына өнер деген өлкеде сенің орның бөлек, айналайын. Өзіңнің ырғағың бар, әуенің мен қоңыр, әдемі дауысың бар. Мен саған тек шығармашылық табыс тілеймін. Жаңа елдің бәрі айтып жатыр, 100-ге кел деп. Несі жақсы жүздің? Не құрдастарың, не курстастарың жоқ. Жүз деген әйелдің сәнін, еркектің әрін кетіреді. Мен саған 99 жасты тілеймін, айналайын. Аман бол!" – деп жүрекжарды тілегін арнады өнер майталманы.
Алтынбек Қоразбаевтың әзілмен өрілген ақ тілегі мерейтойдың көркін кіргізіп, жиналған жұрттың көңілін көтерді.