Түркістан облысында Қазығұрт аудандық ауруханасына медициналық жабдық сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі анықталды. Қылмыстық схемаға қатысы бар аурухананың бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер мемлекетке 117 млн теңге шығын келтірген. Сот үкімімен олар тиісінше 8 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, бұрынғы бас дәрігер мен кәсіпкер реанимация бөліміндегі науқастарды оттегімен қамтамасыз етуге арналған медициналық жүйені сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыруды көздеген.
Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін бірыңғай медициналық кешен бірнеше жеке тауарға бөлініп, сатып алу рәсімдері өздеріне бағынышты компаниялар арқылы жүргізілген. Жабдықтардың құны нарықтағы бағадан едәуір жоғары көрсетілген.
Алайда іс жүзінде медициналық жабдықты жеткізу мен монтаждау жұмыстарын басқа ұйым атқарған. Соның салдарынан мемлекетке 117 млн теңге көлемінде залал келген.
Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен алынған ақшаның бір бөлігіне жылжымайтын мүлік сатып алынып, ол туысының атына рәсімделген. Осылайша, заңсыз табысты заңдастыру әрекеті де жүзеге асырылған.
Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне Астанадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді.
Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия қаражатын жымқырды деген күдікпен ер адам ұсталған болатын.