Түркістан облысында бірнеше мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен екі жергілікті тұрғын ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар төрт бірдей ұрлық дерегіне қатысы болуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға Шардара ауданында тіркелген. Жергілікті тұрғын полицияға арызданып, қорасындағы жылқысының ұрланғанын айтқан. Осыдан кейін тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шараларын бастап, оқиға орнын және жақын маңдағы елді мекендерді тексерген. Сондай-ақ ықтимал куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеген.
Нәтижесінде екі күдікті анықталып, ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар бір жылқыны, бір бұзауды және үш қозыны да ұрлаған. Кейін қолды болған малды өздерінің малы ретінде көрсетіп, ет қабылдау орындарына өткізген.
Полиция заттай дәлел ретінде мал терілерін тәркіледі. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 2 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта екі күдікті де қамауға алынған.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.