Жамбыл облысында интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, миллиондаған теңгесінен айырылған әйел ақшасының бір бөлігін сот арқылы өндіріп алды. Талас аудандық соты оның талап арызын қанағаттандырып, екі азаматтан 1 млн теңгеден, жалпы 2 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға биыл маусым айында болған. Белгісіз адамдар әйелге қоңырау шалып, өздерін ХҚКО, банк және киберполиция қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жәбірленушіні банктік шоттарын қорғау және қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін несие рәсімдеп, ақшаны көрсетілген шоттарға аударуға көндірген.
Алаяқтардың сөзіне сенген әйел жалпы сомасы 4,4 млн теңгеге несие рәсімдеп, қаражатты олардың шоттарына аударған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында жәбірленушіге еш қатысы жоқ екі азаматтың банктік шотына 1 млн теңгеден түскені анықталған.
Кейін ақшаны алған өзге азаматтар әйелге 2,2 млн теңгені ерікті түрде қайтарған. Алайда қалған 2 млн теңге өтелмеген.
Осыдан кейін жәбірленуші сотқа жүгініп, екі азаматтан әрқайсысынан 1 млн теңгеден өндіріп беруді сұраған.
Сот талап арызды қанағаттандырып, жауапкерлерден 1 млн теңгеден негізсіз баю сомасын және мемлекеттік баж өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.