Жетісу облысында Алматы – Өскемен тасжолында қозғалыс кезінде өртене бастаған жүк көлігінен полицейлер 38 жылқыны аман алып шықты. Тәртіп сақшылары өрт сөндірушілер жеткенше малды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға тасжолдың 175-шақырымында болған. Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жүріп келе жатқан Volvo жүк көлігінен өрт шыққанын байқап, дереу көмекке келген.
Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, өрт сөндіргіштермен жалынды ауыздықтауға кіріскен. Алайда жүк көлігінде 38 жылқының болуы жағдайды күрделендірген. Полицейлер өрт сөндірушілерді күтпестен, жануарларды көліктен шығарып, қауіпсіз жерге көшірген. Сонымен қатар өртті сөндіру шараларын да жалғастырған.
Анықталғандай, жүргізуші жылқыларды Күршімнен Шымкентке тасымалдап бара жатқан. Полицейлердің жедел әрекетінің арқасында 38 жылқының барлығы аман қалған. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.