Каспийдегі апаттан аман қалған сарбаз Бекет Қуандық қаза тапқан қаруластарының отбасыларына барып, олардың рухына Құран бағыштады, деп хабарлайды ult.kz.
Сарбаз әлеуметтік желідегі парақшасында Орал қаласына барып, марқұмдардың ата-аналары мен жақындарымен жүздескенін айтты. Ол қарулас достарының қазасынан бері екі ай өткенін жазып, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
“Өздері арамызда болмаса да, олардың ерлігі мен есімі мәңгі жүрегімізде сақталады. Біз ұмытпаймыз, ұмыттырмаймыз! Бүгін сендерсіз 2 ай уақыт өтіпті… Батырлар өлмейді. Олардың ерлігі – кейінгі ұрпаққа өнеге”, – деп жазды Бекет Қуандық.
Сондай-ақ сарбаз қаза тапқан достарының отбасыларын өз жақындарындай көретінін айтып, жүрек тебірентерлік жазба қалдырды.
“Каспий бізді екіге бөлгенімен, тағдыр мен бауырластықтың байланысын үзе алмады. Достарымның анасы – менің де анам, әкесі – менің де әкем, бауырлары – менің де бауырларым”, – деді ол.
Айта кетейік, Таразда соғыс құрбандарына қойылған ескерткішті қорллағандар іздестіріліп жатыр.
Каспийдегі қайғылы оқиға
2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, қатты жел соққан. Салдарынан 17 әскери қызметшіні толқын теңізге алып кеткен.
Қайғылы оқиғадан 14 әскери қызметші қаза тауып, үш сарбаз аман қалды. Олар – Бекет Қуандық, Ақжол Темірхан және Никита Удалов.
Атырау облысының Махамбет ауданынан шыққан Бекет Қуандық жағаға өздігінен жүзіп жеткен. Қазан айының басында ол әскери борышын аяқтап, туған жеріне оралды.
Бүгін, 24 қарашада, қайғылы оқиғаға тура екі ай толды.