Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Қазақ босқын күйге түсті»: Солтүстік Қазақстанға көшкен қандастар Тоқаевтан азаматтық сұрады

«Қазақ босқын күйге түсті»: Солтүстік Қазақстанға көшкен қандастар Тоқаевтан азаматтық сұрады
Bairaqmedia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қоныс аударған бір топ қандас Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргенін айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Олардың айтуынша, құжат рәсімдеуге қатысты жаңа талаптар тарихи отанына көшіп келген отбасылардың елден қайта кетуіне себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы қоғам белсендісі Бұрахан Даханов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, видеодағы адамдардың бір бөлігі – өзі Солтүстік Қазақстанға көшуіне көмектескен қандастар.

«Бәрінің визаларының мерзімі аяқталуға жақын. Бәрі бір-бір үй сатып алған, азын-аулақ малы бар, балалары осында оқиды. Дегенмен, егер жақын арада Үкімет қандастарды құжаттандыру мәселесін шешпесе, бұлардың бәрі кері қайтуға мәжбүр», – деп жазды ол.

Видеодағы қандастардың бірі биыл үш министрліктің бірлесіп әзірлеген үкіметтік жобасынан кейін шетелден келген этникалық қазақтардың азаматтық алу кезінде қиындыққа тап болғанын айтады.

Оның сөзінше, мәселе тек Солтүстік Қазақстан облысында емес, еліміздің басқа өңірлерінде де бар. Айыртау ауданына көшіп келген азаматтар бұрынғы тұрған жеріндегі үйлерін, мал-мүлкін сатып, Қазақстанға қоныс аударған. Алайда азаматтық ала алмай, белгісіз жағдайда қалған.

«Мынау айдың күні аманында, бейбіт заманда қазақ босып, босқын күйге түсті. (...) Осы азаматтық ала алмай жүрген қандастарға азаматтық беруіңізді сұраймыз. Олар сіздерден ештеңе дәметіп күтпейді. Тек азаматтық берсеңіз болғаны. Қалғанын бәрін өздері көтеріп кете алады», – дейді үндеу авторы.

Қандастар Президенттен азаматтық алу мәселесін шешуге және елде тұрақты тұруына мүмкіндік беретін құжаттарды рәсімдеу тәртібін реттеуге көмектесуді сұрайды.

Ал Бұрахан Даханов бұл үндеуді көпшілікке таратып, мәселенің шешілуіне қолдау көрсетуге шақырды.

Қандастарға арналған ҚАЗТЕСТ талаптары қандай?

2026 жылы Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу және қандас мәртебесін рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізілген пилоттық жоба іске қосылды. Жаңа тәртіп бойынша өтініш берушілер тілдік тестілеуден өтіп, сауалнама толтырып, әңгімелесуге қатысуы керек.

Ресми түсіндірмеге сәйкес, ҚАЗТЕСТ 60 тапсырмадан тұрады. Оның 20-сы тыңдалымға, 40-ы оқылымға арналған. Тестілеуден өту үшін әр бөлімдегі сұрақтардың кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беру қажет. Бұдан кейін үміткер балдық бағалаудан, мемлекеттік органдардың тексеруінен және әңгімелесуден өтеді.

Көші-қон комитеті тест күнделікті өмірде қазақ тілін түсіну деңгейін анықтауға бағытталғанын, терең академиялық білімді тексермейтінін мәлімдеген. Сондай-ақ үміткерлерге тегін дайындық курстары мен тесті қайта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған дейін қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қандастарға ҚАЗТЕСТ енгізілуін сынап, жаңа талаптар тарихи отанына оралғысы келетін этникалық қазақтарға жасанды кедергі келтіретінін айтқан болатын.

Әлеуметтік желі қолданушылары да талаптарды қайта қарауды ұсынып жатыр. Олар егде жастағы адамдардың жағдайын ескеруді, басқа әліпбиді пайдаланатын қандастарға жеңілдік жасауды және отбасылардың қайта қосылуына мүмкіндік беретін құжат рәсімдеу тәртібін жеңілдетуді сұрайды.