Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Балабақшадағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жаңа талаптар ұсынылды

Балабақшадағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жаңа талаптар ұсынылды
ашық дереккөз

«Әділет» партиясының фракциясы балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау талаптарын күшейтуді ұсынды. Депутат Тәттігүл Талаева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенова мен Ішкі істер министрі Ержан Сапарбековке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттың айтуынша, биыл қазанда Астанадағы түзету балабақшасында екі тәрбиеленушіге қатыгездік көрсетілгені белгілі болған. Бұған дейін Ақтөбе, Шымкент, Теміртау және Павлодар қалаларында да осындай жағдайлар тіркелген. Сондай-ақ биыл қазанда Жамбыл облысының Қордай ауданында да алаңдатарлық оқиға болған.

Осы жағдайлардың бірқатарында болған жайтты анықтауға бейнебақылау камераларының жазбалары көмектескен.

«Балабақшадағы баланың қауіпсіздігі бейнежазбаның кездейсоқ сақталып қалуына немесе баланың болған жағдайды үлкендерге айтып бере алуына тәуелді болмауы керек», – дейді депутат.

Оның пікірінше, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жағдайы айрықша назар аударуды қажет етеді. Себебі олардың бәрі бірдей өзіне не болғанын түсіндіріп, көмек сұрай алмайды.

Депутат қазіргі бейнебақылау стандарттары негізінен нысандарды күзетуге бағытталғанын атап өтті. 2019 жылғы 23 қаңтардағы Ішкі істер министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, топтық бөлмелер, ойын залдары мен түзету жұмыстарына арналған кабинеттер бейнебақылау міндетті түрде орнатылатын орындардың нақты тізіміне кірмеген. Сонымен қатар бейнежазбалар кемінде 30 тәулік сақталуы керек. Ал жекеменшік балабақшаларға қатысты бірыңғай талаптар қарастырылмаған.

Осыған байланысты Тәттігүл Талаева министрліктерге үш ұсыныс жолдады.

Біріншіден, мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда бейнебақылау орнатылуға тиіс бөлмелердің нақты әрі міндетті тізімін бекітуді ұсынды. Бұл ретте балалардың жеке өміріне қол сұқпау құқығы ескерілуі керек. Сондай-ақ басқа бөлмелерге камера орнату мәселесін балабақша басшысының өз қалауына қалдыратын норманы алып тастау қажет.

Екіншіден, бейнекамера орнатуға рұқсат етілмейтін бөлмелерде тәулік бойы үздіксіз аудиожазба жүргізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Алайда бұл шара балалардың жеке өміріне қол сұқпау құқығын сақтап, жазбаларды қорғау және оларға қолжетімділікті қатаң шектеу талаптары ескеріле отырып, құқықтық бағалаудан өтуі тиіс.

Үшіншіден, бейнежазбаларды сақтау мерзімін 30 тәуліктен 90 тәулікке дейін ұзартуды ұсынды. Сондай-ақ ата-аналардың бейнежазбаларды сұрату тәртібін, өтініштерді қарау мерзімін, басқа балалардың деректерін қорғау және архивтің сақталуына балабақша басшыларының жауапкершілігін белгілеу қажет екенін айтты.

«Ата-аналар баласын балабақшаға тапсырғанда, оны қауіпсіз ортаға беріп жатқанына сенімді болуы керек», – деп түйіндеді депутат.