Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қоғамдық белсенді баспана нарығындағы делдалдар мәселесін көтерді

Қоғамдық белсенді баспана нарығындағы делдалдар мәселесін көтерді
facebook.com/almat.abdiraman

Алматыдан пәтер іздегенде риелторлардың бірі тек бір бөлмелі пәтердің есігін ашып көрсеткені үшін 500 мың теңге комиссия сұраған. Осы оқиғадан кейін қоғам белсендісі Алмат Әбдіраман риелторлардың қызметіне қатысты мәселе көтеріп, салаға бірыңғай талап енгізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Алмат Әбдіраманның айтуынша, жақында қайын әпкесіне Алматыдан пәтер іздеу кезінде риелторлардың қызмет ақысына қатысты түсініспеушілік туындаған. Ақырында олар делдалдың көмегіне жүгінбей, пәтерді тікелей иесінен сатып алған.

Қоғам белсендісі риелторлардың еңбегіне ақы төлеуге қарсы емес екенін, алайда комиссияның қандай қызмет үшін алынатыны нақты болуы керегін атап өтті.

«Бірнеше хабарландыру жіберіп, пәтердің есігін ашып көрсеткені үшін бе, әлде мәміленің басынан аяғына дейін кәсіби қызмет көрсеткеніне ме? Міне, мәселе осында», – деп жазды ол.

Ол АҚШ-тың Виржиния штатында тұрған кезінде риелтор қызметін пайдаланған тәжірибесін де мысалға келтірді. Айтуынша, онда риелтордың кімнің мүддесін қорғайтыны және қызмет ақысын кім төлейтіні алдын ала келісімшартта көрсетіледі. Сонымен қатар, маман болу үшін арнайы оқу курсынан өтіп, емтихан тапсыру және лицензия алу талап етіледі.

Белсенді Қазақстанда да риелторлардың жауапкершілігін нақтылау қажет деп санайды. Оның пікірінше, бір мәміледе сатушыдан да, сатып алушыдан да комиссия алу мүдделер қақтығысына әкелуі мүмкін. Сондықтан риелтордың қай тараптың атынан жұмыс істейтіні ашық көрсетілуі керек.

Алмат Әбдіраман елімізде 2021 жылдан бері риелторлық қызметке арналған СТ РК 3702–2020 ұлттық стандарты қолданылып келе жатқанын еске салды. Алайда стандарттың жалпы жағдайда ерікті болуы оның барлық маманға бірдей міндетті талап ретінде қолданылуына кедергі келтіреді.

«Бір риелтор бірнеше пәтердің нұсқасын ғана ұсынады. Екіншісі апталап іздеп, келіссөз жүргізіп, құжаттарды тексеруге көмектесіп, мәміленің қауіпсіз өтуіне атсалысады. Екеуінің еңбегі бірдей ме? Әрине, жоқ. Ендеше комиссия да көрсетілген қызметтің көлемі мен сапасына қарай белгіленуге тиіс. Алдын ала келісілмеген төлемді кейіннен талап етуге де жол берілмеуі шарт», - дейді Әбдіраман..

Сондай-ақ ол Сауда және интеграция министрлігі риелторлық қызметті реттеуге қатысты жаңа ұсыныстарын таныстырғанын атап өтті. Бастамалар қатарында комиссия мөлшері мен төлеу тәртібін шартта нақты көрсету, риелтордың кімнің мүддесін қорғайтынын белгілеу, қызметіне тапсырыс бермеген адамнан ақы талап етуге жол бермеу мәселелері бар.

Қоғам белсендісі салаға тәртіп орнату үшін бірнеше ұсыныс айтты. Атап айтқанда:

  • риелторлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құру;
  • қызмет көрсетуге арналған бірыңғай шарт үлгісін енгізу;
  • мамандардың кәсіби біліктілігіне талап қою;
  • азаматтардың шағымын қарайтын тәуелсіз тетік қалыптастыру;
  • ереже бұзған мамандардың кәсіби қызметіне шектеу қою.

Оның пікірінше, комиссия мөлшерін мемлекет белгілеуі міндетті емес. Қызмет құны нарықтағы бәсеке мен көрсетілген жұмыстың көлеміне қарай анықталуы мүмкін. Бірақ клиент төлем сомасын алдын ала біліп, қандай қызмет үшін ақша төлейтінін түсінуі керек.

«Қазір риелторлар комиссияға келгенде, қанша алу керегін жақсы біледі. Енді сол комиссияның есебінен қандай жауапкершілік арқалайтынын да білетін уақыт келді», – деп түйіндеді Алмат Әбдіраман.