Threads әлеуметтік желісінде мәслихат депутаттығына кандидат Владислав Сергеевке тиесілі делінген аудиожазба тарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Жазбада ер адам волонтерлерге қатысты тапсырма беріп, Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданы тұрғындарын кемсітетін сөздер айтқан.
Даулы аудиожазбаны Threads желісінде өзін волонтер ретінде таныстырған қолданушы жариялаған. Оның мәліметінше, дауыстық хабарламаны Владислав Сергеев волонтерлердің жұмысын үйлестіретін кураторға жіберген.
Аудиожазбада ер адам волонтерлерге сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді және тұрғындармен қазақ тілінде сөйлесуді тапсырады. Сонымен қатар ол Астананың Оңтүстік-Шығыс ауданын Шымкентпен салыстырып, жергілікті тұрғындарға қатысты кемсітетін сөздер қолданған.
«Ертең маған мәселе туындағаны керек емес. Маған жақсы сайлаушылар керек. Волонтерлерге жаман ақша төлеп жатқан жоқпыз ғой. Халықпен қазақша жақсы сөйлессін. Өзің білесің, Оңтүстік-Шығыс деген екінші Шымкент сияқты. Айнала толған "мамбет". Орыс тілін дұрыс түсінбейді. Маған дәл осы ауданды бөліп бергені ашуыма тиеді», – делінген аудиожазбада.
Жазбаны жариялаған волонтердің болжамынша, куратор дауыстық хабарламаны соңына дейін тыңдамай, волонтерлердің ортақ чатына жіберіп қойған.
Владислав Сергеев тараған аудиожазбаға қатысты пікір білдірді
Владислав Сергеев әлеуметтік желілерде жарияланған аудиожазбаға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жазбадағы дауыс өзіне тиесілі емес. Сондай-ақ ол аудиожазбаның жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған болуы мүмкін екенін айтты.
«Әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпаратқа қатысты аудиожазбадағы дауыс маған тиесілі емес екенін хабарлаймын. Жазба жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Үгіт-насихат жұмыстарын сенімді өкілдеріммен бірлесіп жүргізіп жатырмын. Бұл жұмысқа еріктілерді тартқан жоқпын. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдары тартылды. Тексеру жүргізуге, оның ішінде өзімнің ұялы телефонымды ұсынуға да қажетті көмек көрсетуге дайынмын», – деді Сергеев.
Ол тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат жарияланатынын жеткізді.