Өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардың жеке құжаттары мен биометриялық деректерін жинау үшін үйлерді аралап жүрген адамдар туралы хабарлама шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белгісіз адамдардың осындай әрекеттері туралы ескерту сипатындағы хабарламалар тараған.
Алайда ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай жалған мәліметтер бұған дейін де бірнеше рет таралып, полиция тарапынан ресми түрде теріске шығарылған.
Министрлік азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және расталмаған хабарламаларды өзгелерге таратпауға шақырды. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқандар заң алдында жауап беретінін еске салды.