Қызылорда облысында киберполиция қызметкерлері тұрғынды интернет-алаяқтардың құрбаны болудан сақтап қалды. Бейтаныс адамдардың сөзіне сенген азамат өзі мен әйелінің атына бірнеше банктен 16 миллион теңге несие рәсімдеп үлгерген. Алайда ақшаны алаяқтардың шотына аударып жібермей тұрып, полицияға хабарласқан, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, белгісіз біреулер тұрғынға телефон соғып, өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар түрлі айла-тәсіл қолданып, психологиялық қысым көрсету арқылы азаматты ақшасын «қауіпсіз есепшотқа» аударуға көндірмек болған.
Алаяқтардың сөзіне сенген ер адам бірнеше банктен өзінің және әйелінің атына жалпы сомасы 16 миллион теңге несие рәсімдеген. Осыдан кейін қаскөйлер қаражатты өздері көрсеткен шоттарға аударуды талап еткен.
Алайда күмәнданған тұрғын полицияға жүгінген. Оқиғаға жедел ден қойған киберполиция қызметкерлері қажетті шараларды қабылдап, 16 миллион теңгенің алаяқтардың қолына түсуіне жол бермеді.
Полиция мәліметінше, интернет-алаяқтар азаматтарды алдау үшін психологиялық қысым көрсетіп, қорқыту және асықтыру тәсілдерін жиі қолданады. Сондықтан бейтаныс адамдардың телефон арқылы берген нұсқауын орындап, ақша аударуға болмайды.
Құқық қорғау органдары күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, банктің ресми нөміріне хабарласуға кеңес береді. Ал алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда полицияның 102 нөміріне қоңырау шалу қажет.