Ұлытау облысының Жайрем кентінде төрт баланың анасын өз дүкенінде өлтірген ер адамның жазасы төрт жылға ұзартылды. Бастапқыда 13 жылға сотталған азамат енді 17 жылын түрмеде өткізеді. Бұған прокуратураның апелляциялық шағымы негіз болған, деп хабарлайды ult.kz.
Қайғылы оқиға биыл сәуір айында болған. 42 жастағы әйелді өзіне тиесілі дүкенде бірге тұрған 33 жастағы ер адам пышақтап өлтірген. Қылмысқа күдікті ретінде марқұмның бірге тұрған азаматы ұсталған.
Марқұм төрт баласын жалғыз өзі асырап, кәсіпкерлікпен айналысқан. Жеке дүкені болған, сондай-ақ баспана жалға беріп, отбасын асырауға қажетті табыс тапқан. Балаларының бірі мүгедектігі бар бала екені де белгілі болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын әйел ер адаммен қарым-қатынасын тоқтатуға шешім қабылдаған. Дегенмен оған уақытша өз пәтерінде тұруға рұқсат берген. Алайда бұл шешім қайғылы жағдаймен аяқталған. Шабуыл күндіз дүкенде жасалып, әйел алған пышақ жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Қылмыстан кейін ер адам өзіне де қол жұмсамақ болған.
Алғашқы сот үкімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі, яғни адам өлтіру бабы бойынша кінәлі деп танылып, 13 жылға бас бостандығынан айырылған.
Алайда Ұлытау облысының прокуратурасы үкіммен келіспей, апелляциялық наразылық білдірді. Прокурорлар қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын алға тартып, айыпталушының әрекетін қайта саралауды талап етті.
Апелляциялық сатыдағы сот прокурорлардың уәжін негізді деп таныды. Нәтижесінде ер адамның әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағына, яғни аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру санатына жатқызылды.
Осылайша, сотталған азаматтың жаза мерзімі 13 жылдан 17 жылға дейін ұзартылды. Сот актісі заңды күшіне енді.