Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында бірнеше күн бұрын балық аулауға шығып, хабар-ошарсыз кеткен 64 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Құтқарушылар оның денесін көлдің төрт метр тереңдігінен алып шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Белгілі болғандай, ер адам 18 қарашада Шахан кентінен Беталыс көліне балық аулауға барған. Аталған су айдыны Қарқаралы қаласынан 14 шақырым жерде, «Асель» шаруа қожалығының маңында орналасқан.
Жоғалған балықшыны іздеу жұмыстары 22 қарашада басталған. Оған төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмылдырылды. Іздестіру шараларына жеті құтқарушы қатысып, екі жүзу құралы мен үш техника пайдаланылды.
Іздеу барысында жедел-құтқару жасағының мамандары жағадан шамамен 300 метр қашықтықтан ер адамның аяқ киімі мен балық аулау құралдарын тапқан.
Кейін сағат 19:05-те құтқарушылар оның мәйітін жағадан 300 метр жерден, төрт метр тереңдіктен тауып, судан шығарды.
Осы оқиғаға байланысты Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Ведомство өкілдері әсіресе күн суытқан кезеңде балық аулауға жалғыз шықпауға, ауа райы мен су жағдайын алдын ала бағалауға кеңес берді. Сондай-ақ жақындарына қайда баратынын және қай уақытта оралатынын міндетті түрде ескерту қажеттігін атап өтті.