Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

ҰҚК «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесін ұстады

ҰҚК «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесін ұстады
Фото: Magnific

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы басқармасының мүшесі Қуаныш Омарбековті және басқа да адамдарды ұстады. Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған деген күдікке ілінген сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар болуы мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz.

ҰҚК мәліметінше, күдіктілер 2026 жылғы 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігімен, яғни аса ірі мөлшерде пара беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

«Қазатомөнеркәсіпте» кадрлық өзгеріс болды

Бұған дейін, 24 қарашада «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы басқармасының екі мүшесінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын хабарлаған еді.

Компанияның ресми мәліметінше, директорлар кеңесінің шешімімен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков қызметтерінен босатылған.

Ұлттық компания олардың міндеттері ішкі тәртіпке сәйкес басқа басшылар арасында қайта бөлінгенін хабарлады. Сондай-ақ өндірістік және коммерциялық бағыттағы қызметкерлердің жұмысы жалғасып жатқанын, кәсіпорындардың күнделікті қызметі қалыпты режимде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қуаныш Омарбековтің ұсталғаны туралы ақпарат 23 қарашада жарияланды. Ал компания оның басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігі тоқтатылғанын келесі күні хабарлаған.

Тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденген жоқ.