Қазақстанда салық түсімдерінің өсуіне қарамастан, жаңа Салық кодексінің кейбір нормалары отандық кәсіпорындардың қаржылық жүктемесін арттырып, өндірістің дамуына кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Uchet.kz негізін қалаушы Максим Барышев Exclusive.kz басылымында жарияланған материалында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
2026 жылдың тоғыз айында Қазақстандағы салық түсімдері 18,5%-ға өсіп, 22,7 трлн теңгеге жеткен. Алайда сарапшы бюджет кірісінің артуымен қатар кәсіпкерлік саласында туындаған бірқатар мәселеге назар аударды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданатын кәсіпорындар оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін жеткізушілерден сатып алған тауарлар мен қызметтерге жұмсалған шығындарды корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімге жатқызу құқығынан айырылды.
Барышевтің пікірінше, бұл талап ірі кәсіпорындар мен шағын бизнес арасындағы ынтымақтастықты қиындатып, отандық өндірушілердің шығынын арттыруы мүмкін.
Материалда келтірілген деректерге сәйкес, 2026 жылдың бірінші және үшінші тоқсандары аралығында Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлер саны шамамен 43 мың адамға азайған. Ал 1 қазандағы жағдай бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған салық режимін 981,2 мың адам қолданған. Олардың 83%-ы такси және курьерлік жеткізу саласында жұмыс істейді.
Сарапшының есептеуінше, еңбекақы қорына түсетін салықтар мен міндетті әлеуметтік төлемдердің жиынтық жүктемесі шамамен 40%-ды құрайды. Ал цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар 4% төлейді. Мұндай айырмашылық өндірістік кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі ықтимал.
Exclusive.kz материалында отандық және шетелдік жеткізушілерге қатысты салық талаптарының айырмашылығы да қарастырылған. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда қазақстандық компания Қырғызстандағы оңайлатылған салық режимін қолданатын кәсіпкерден сатып алған тауарларының құнын шегерімге жатқыза алады. Сарапшының пікірінше, бұл шетелдік жеткізушілерге артықшылық беріп, отандық кәсіпкерлер үшін тең емес жағдай қалыптастыруы мүмкін.
Барышев жаңа салық талаптарының салдары 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында, кәсіпорындар корпоративтік табыс салығы бойынша қорытынды есеп айырысу жүргізген кезде айқын байқалуы мүмкін екенін ескертті.
Қосымша салық міндеттемелері кәсіпорындардың айналым қаражатын азайтып, шикізат сатып алу, жалақы төлеу және инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін шектеуі ықтимал.
Осыған байланысты сарапшы оңайлатылған салық режимін қолданатын жеткізушілермен жасалған мәмілелер бойынша шегерімдерге қойылған шектеуді алып тастауды ұсынады. Ал жалған мәмілелер мен салық төлеуден жалтару фактілерін анықтау үшін қолданыстағы цифрлық бақылау құралдарын пайдалануды жөн санайды.
Еске салайық, 28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін Салық кодексінің нормаларын бизнес өкілдерінің пікірін ескере отырып қайта қарауды тапсырған.
Сарапшының пайымынша, салық саясаты бюджет кірісін арттырумен қатар отандық өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканың тұрақты өсуіне жағдай жасауы тиіс.