Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Қазақстан агротехникалық колледжінде жүргізілген прокурорлық тексеру білім ордасындағы бірқатар заңбұзушылықты әшкереледі. Атап айтқанда, 45 студент оқу орнының тізімінде болғанымен, сабаққа мүлде қатыспаған. Тексеру қорытындысында колледж директоры қызметінен босатылып, жеті оқытушыға тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды ult.kz.
Прокуратура анықтағандай, аталған 45 студент іс жүзінде білім алмаған, тек құжат жүзінде тіркелген. Сонымен қатар колледжде бес жыл бойы көлік құралдары есептен шығарылмағаны белгілі болды.
Тексеру барысында 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайынан да кемшіліктер анықталған.
Заңбұзушылықтар нәтижесінде 45 студент оқудан шығарылды. Жеті оқытушы қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылып, колледж директоры атқарып отырған қызметінен айырылды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта негізгі құралдарды есептен шығару рәсімі басталған. Сондай-ақ жатақхананы жөндеуге қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жауапты орган Қостанай облысындағы білім беру ұйымдарында заңдылықты қамтамасыз ету, студенттердің құқықтарын қорғау және бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.