Өнердегі танымал жұп Бүркіт пен Аиша "Кешкі Алматы" бағдарламасына қонақ болып, отбасындағы қуанышты жаңалықтарымен бөлісті. Әнші әулетіндегі тойларды неліктен мейрамханада емес, үйде өткізетінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Бүркіттің айтуынша, жуырда ағасы шаңырақ көтеріп, қызы бір жасқа толған. Өнерлі отбасы қос қуанышты да үйде, жақындарының ортасында атап өткен.
"Ағам үйленді. Құдалық, бәрін үйде жасадық. Қызымыз бір жасқа толды, тұсаукесерін үйде жасадық. Тұсауын анамыз кесті. Таңертең тамақ пісірді де, кешке жиналып, бәрін өткіздік", – деді ол.
Осы тұста бағдарлама жүргізушілері әншіден тойды үйде өткізудің себебі қаражат үнемдеу ме деп әзілдеп сұрады.
"Үнемдеу ғой, иә. Ақша керек. Ақша үйден шықпауы керек", – деп қалжыңдады Бүркіт.
Бүркіт пен Аишаның есімдері қайдан шыққан?
Сұхбат барысында өнер иелері есімдерінің шығу тарихына да тоқталды. Шын есімі Айбек Жансейітов болатын әнші Бүркіт деген лақап атты продюсерімен бірге ойлап тапқанын жеткізді.
"Бұл лақап ат қой. Баяғыда менің продюсерім Евгений Жагалтбекпен жұмыс істей бастаған кезде екеуіміздің ойлап тапқан лақап атымыз", – деді әнші.
Жүргізушінің "Самғап ұшайын дедіңіз" деген сөзіне өнер иесі әзілмен жауап беріп, тыңдармандарына алғысын білдірді.
"Иә, әлі де жүрміз ғой. Аллаға шүкір. Осы халықтың арқасында", – деді ол.
Ал жұбайының шын есімі Виктория екенін айтқан Бүркіт Аишаның сахналық лақап ат емес, мұсылмандықты қабылдағаннан кейін алған екінші есімі екенін түсіндірді.
"Бұл лақап аты емес, екінші есімі. Мұсылмандық алған кезде осы мешітке барып, Аиша есімін екінші есім етіп алған", – деді Бүркіт.