Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үйден өрт шығып, бес адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған бала да бар, деп хабарлайды ult.kz Tengrinews-ке сілтеме жасап.
Өрт туралы хабар 112 пультіне түнгі сағат 03:44-те түскен. Төтенше жағдайлар департаментінің алғашқы бөлімшесі оқиға орнына төрт минуттан кейін жеткен. Алайда сол уақытта үйді толығымен жалын шарпып, өрт қатты өршіп тұрған.
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 04:42-де толық сөндірген. Оқиға орнында ТЖД-ның 35-ке жуық қызметкері мен тоғыз техника жұмыс істеген.
«Оқиға орнынан бес адамның мәйіті табылды. Олардың бірі – кәмелетке толмаған бала», – деп хабарлады Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.