Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Жасанды интеллект өндірістегі қауіпсіздікті бақылайды

Жасанды интеллект өндірістегі қауіпсіздікті бақылайды

Qarmet кәсіпорындарында жасанды интеллект негізіндегі бірыңғай бейнебақылау жүйесі дамып келеді. Қазіргі таңда бейнеаналитика функциялары бар 150-ден астам камера өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын, көлік пен қызметкерлердің қозғалысын бақылап, ықтимал қауіпті жағдайларды анықтауға көмектеседі, деп хабарлайды Ult.kz.

Жүйе жеке қорғаныс құралдарының болмауын, қызметкерлердің қауіпті аймақтарға кіруін, түтін мен ашық оттың пайда болуын, сондай-ақ өндірістік техниканың қозғалыс ережелерін бұзу жағдайларын анықтай алады. Осындай жағдайлар тіркелген кезде жасанды интеллект операторға автоматты түрде хабарлама жібереді. Оператор ақпаратты тексеріп, тиісті қызметтерге жолдайды.

«Қазір Qarmet кәсіпорындарында технологиялық және күзет камераларын біріктіріп, бірыңғай бейнебақылау жүйесін құрып жатырмыз. Жасанды интеллект ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтап, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді технологиялық диспетчерлеу цехының бастығы Ерболат Рапағатов.

Компания интеллектуалды алгоритмдерді жетілдіруге де ерекше көңіл бөледі. Мамандар өндіріс нысандарының ерекшеліктерін ескере отырып, нейрондық желіні өздері үйретеді. Қазіргі уақытта жүйе қорғаныс каскаларын ажыратып, қауіпті аймақтардың шекарасынан өту жағдайларын бақылап, автокөлік нөмірлерін тануға және көлік қозғалысын қадағалауға қабілетті.

Бейнеаналитикадан алынған ақпарат нақты уақыт режимінде Жедел бақылаудың ситуациялық орталығына (СЦОК) түседі. Өңделген деректер режим және күзет қызметіне, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімдеріне, сондай-ақ кәсіпорын басшылығына жіберіледі.

Бұл анықталған заңбұзушылықтарға жедел әрекет етуге, адам факторын азайтуға және өндірістік тәртіпті күшейтуге мүмкіндік береді.

Алдағы жылдары Qarmet интеллектуалды бейнебақылау камераларының санын шамамен 3 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Келесі кезеңде өндірістік алаңдардың бірыңғай интерактивті картасын жасау көзделген. Ол жабдықтардың жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Бейнеаналитиканы енгізу – Qarmet компаниясының ауқымды цифрландыру жұмыстарының бір бөлігі. Жоба өндірістік қауіпсіздікті арттыруға, тәуекелдердің алдын алуға және қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.