Атырау облысында мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін дайындап, сатумен айналысқан күдікті ұсталды. Оның үйінен 803 жалған құжат пен оларды жасауға арналған жабдықтар табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға 23 қарашада басталған. Полиция қызметкерлері Lexus 470 автокөлігін тоқтатып, ішінен тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің жалған куәлігін тапқан. Көліктегі төрт адамның бірі бұл құжатты күдіктіден сатып алғаны анықталды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында жалған құжаттарды дайындады деген күдікпен 39 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Оның үйінен ҰҚК-нің 606, ІІМ-нің 95, мемлекеттік кірістер органдарының 47, прокуратураның 46 және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 9 жалған куәлігі тәркіленді.
Бұдан бөлек, 367 ҰҚК эмблемасы, мөр, компьютер, принтер және өзге де жабдықтар табылды.
Қазір полиция күдіктінің сыбайластарын және жалған құжаттарды сатып алған адамдарды анықтап жатыр. Тергеу жалғасуда.