Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Ақтөбеде балалар алаңында жасөспірімді ұрған ер адам сотталды

Ақтөбеде балалар алаңында жасөспірімді ұрған ер адам сотталды
Tengrinews.kz

Ақтөбеде 45 жастағы ер адам тұрғын үй ауласындағы балалар алаңында жасөспірімді соққыға жыққан. Оған балалардың шулағаны ұнамай, жанжал шығарған ер адам сот үкімімен бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды ult.kz.

«Диапазон» басылымының мәліметінше, оқиға Тургенев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. Үйінде демалып жатқан ер адамға балалар алаңында ойнап жүрген жасөспірімдердің дауысы кедергі келтірген. Араларындағы бір бала оған ортаңғы саусағын көрсеткен. Бұған ашуланған ер адам сыртқа шыққанымен, сол сәтте жасөспірімдер тарап кетіп қалған.

Алайда ер адам кейін жасөспірімдердің бірін тауып алып, балағаттап, алдымен алақанымен құлағынан, кейін жұдырығымен басынан ұрған. Салдарынан баланың денесінде гематомалар пайда болып, денсаулығына жеңіл зиян келген.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған. Алайда жасөспірім оны кешірмегенін айтқан. Соған қарамастан, соттан ер адамды бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды өтінген.

Сот ер адамды бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.