Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Пайызсыз баспана мен көлік береміз» деп 44 адамды алдағандар 7,5 жылға сотталды

«Пайызсыз баспана мен көлік береміз» деп 44 адамды алдағандар 7,5 жылға сотталды
ашық дереккөзден

Астанада Buyers Union тұтыну кооперативі арқылы қаржы пирамидасын ұйымдастырған бес адамға сот үкімі шықты. Олар азаматтарға пайызсыз баспана мен автокөлік алып беруге уәде етіп, 44 адамнан 111 миллион теңгеден астам ақша жинаған. Сотталушылар 5 жыл 6 айдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, қаржы пирамидасы 2024 жылдың маусымы мен 2025 жылдың ақпаны аралығында жұмыс істеген. Оны Ш. есімді азамат тағы төрт адаммен бірлесіп ұйымдастырған.

Қаскөйлер азаматтарға пайызсыз несие арқылы тұрғын үй мен автокөлік сатып алуға мүмкіндік беретіндерін айтып, сенімдеріне кірген. Алайда тиімді ұсынысқа сенген 44 азамат жалпы сомасы 111 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылған.

Сот отырысында айыпталушылар кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін жеткізген. Мемлекеттік айыптаушы олардың әрқайсысына 5 жыл 6 айдан 7 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Сот бес айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Бұған дейінгі үкімдер бойынша өтелмеген жазаның бір бөлігі қосылып, оларға мынадай жаза тағайындалды: Ш. – 7 жыл 6 ай; И. – 6 жыл 6 ай; А., Х. және К. – әрқайсысы 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сотталғандарға сегіз жыл бойы азаматтардың қаражаты мен инвестиция тартуға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сот шешімімен олардан 44 жәбірленушінің пайдасына 111 миллион 168 мың теңге материалдық шығын және 700 мың теңге өкілдік шығын өндірілетін болды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.