Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Экономист: Өнеркәсіптік банк қолданыстағы даму институттарының жұмысын қайталамауы керек

Экономист: Өнеркәсіптік банк қолданыстағы даму институттарының жұмысын қайталамауы керек
ашық дереккөз

Қазақстанда өндірісті дамытуға ниетті кәсіпорындар бірнеше кедергіге тап болып отыр. Олардың қатарында жоғары пайыздық мөлшерлеме, қысқа мерзімді несие және кепілзаттың жеткіліксіздігі бар. Осы мәселелерді шешу үшін мамандандырылған Өнеркәсіптік банк құру ұсынылып отыр. Оның қолданыстағы қаржы институттарынан айырмашылығы қандай және жаңа банк ел экономикасына не береді? Бұл туралы Ult.kz порталына экономист Бауыржан Ысқақов айтып берді.

— Өнеркәсіптік кәсіпорындар несие алу кезінде қандай қиындықтарға тап болуда?

— Бірінші кезекте, өнеркәсіп кәсіпорындары үшін несие құнының жоғары болуы мен несие мерзімінің қысқалығы үлкен кедергі болып отыр. Мысалы, сауда саласындағы кәсіпкер тауарды сатып алып, оны бірнеше ай ішінде сатып, айналым қаражатын қайтара алады. Ал өндіріс саласында жаңа жабдық сатып алу, технологияны жаңарту және өндірісті іске қосу үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. Банктер несие беру кезінде қаражаттың қайтарылу мүмкіндігіне және кепілзатқа басымдық береді. Сондықтан олар қысқа мерзімді ақша ағынын бағалауға бейім. Ал өндірістің экономикалық тиімділігі көбіне ұзақ мерзімде көрінеді.

Екінші мәселе – кепілзаттың жеткіліксіздігі. Кәсіпорынның болашағы зор, заманауи технологиямен жабдықталған және өнім өндіруге қауқарлы болуы мүмкін. Алайда несие алу үшін кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі немесе басқа да активтері жеткіліксіз болуы ықтимал.

Үшінші мәселе – жоғары пайыздық мөлшерлеме. Қымбат несие өндіріс шығындарын көбейтіп, өнімнің өзіндік құнын арттырады. Соның салдарынан отандық кәсіпорындардың импорттық өнімдермен бәсекелесу мүмкіндігі төмендейді. Сондықтан бүгінде өнеркәсіп кәсіпорындарына қысқа мерзімді қаржы емес, ұзақ мерзімді инвестициялық капитал қажет.

— Қолданыстағы қаржыландыру тетіктері неліктен жеткіліксіз?

— Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға арналған түрлі бағдарламалар, несие жеңілдіктері мен даму институттары бар. Алайда олардың барлығы өнеркәсіптің ұзақ мерзімді қажеттілігін толық өтей алмайды. Мәселен, субсидиялау мен кепілдік беру кәсіпкердің несие алу мүмкіндігін арттырғанымен, банктердегі қаражат құнын және өндірістік жобаларды ұзақ мерзімге қаржыландыру мәселесін шешпейді.

Тағы бір мәселе – қаржыландыру тетіктерінің бытыраңқылығы. Бір бағдарлама субсидия берсе, екіншісі кепілдік ұсынады, үшіншісі инвестициялық қолдау көрсетеді. Кәсіпкерлерге осы мүмкіндіктерді үйлестіру үшін қосымша уақыт пен әкімшілік ресурс жұмсауға тура келеді.

Бұған қоса, көптеген екінші деңгейлі банктердің бизнес-моделі қысқа мерзімді қаржыландыруға бағытталған. Ал өнеркәсіп саласына 7-10 жылға дейінгі ұзақ мерзімді қаржы қажет. Меніңше, мәселе қолданыстағы бағдарламалардың жоқтығында емес, олардың өндірістің нақты қажеттіліктеріне толық сәйкес келмеуінде.

— Мамандандырылған Өнеркәсіптік банк қандай мәселелерді шеше алады?

— Өнеркәсіптік банктің басты артықшылығы – коммерциялық банктер сияқты қысқа мерзімді пайда табуды емес, нақты өндірістік жобаларды қаржыландыруды мақсат етуі керек. Менің ойымша, Өнеркәсіптік банк мынадай бес бағытта жұмыс істей алады:

Біріншіден, ұзақ мерзімді әрі төмен пайыздық мөлшерлемемен несиелер беріп, өндірістік жобаларды қаржыландыруы керек. Мысалы, жаңа зауыт салу, өндіріс желісін іске қосу, технологиялар сатып алу, оларды 10-15 жылға дейін қаржыландыруға мүмкіндік беру.

Екіншіден, кепілзат мәселесін шешу. Жаңа кәсіпорындардың кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан жобаның болашақтағы ақша ағынын, экспорттық әлеуетін және экономикалық тиімділігін бағалау тетіктерін енгізу керек.

Үшінші, шағын және орта өнеркәсіптік бизнесті қолдау. Қазіргі даму институттарының ірі жобаларға басымдық беруі салдарынан орта және шағын өндірістік кәсіпорындардың қаржыға қол жеткізу мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Жаңа банк осы сегментке де көңіл бөлуі қажет.

Төртінші, импортты алмастыру мен экспортты дамытуға басымдық беру. Мысалы, Қазақстандағы машина жасау, электр жабдықтары, химия, фармацевтика және құрылыс материалдары өндірісін қаржыландыруға болады.

Бесінші, өндірістік жобаларды сүйемелдеу. Банк тек несие беріп қана қоймай, жобаның қаржылық моделін әзірлеуге, инвестиция тартуға, технология трансферіне және өткізу нарықтарын табуға көмектесуі керек.

Бірақ бір маңызды мәселені ескеру қажет: жаңа Өнеркәсіптік банк бұрыннан бар даму институттарының жұмысын қайталамауы тиіс. Керісінше, олардың арасындағы міндеттерді нақты бөліп, қолданыстағы қаржыландыру жүйесін толықтыруы қажет.

— Бұл бағытта халықаралық тәжірибенің қайсысын Қазақстанда қолдануға болады?

— Бұл бағытта бірнеше елдің тәжірибесіне назар аударуға болады. Мысалы, Германиядағы KfW банкі бұл институт ұзақмерзімді инвестициялық жобаларды, шағын және орта бизнес, инновациялар және энергия тиімділігін қаржыландырады. Оның басты ерекшелігі – мемлекеттік даму институттарының мақсаттары мен банктік қаржыландыру тетіктерін өзара үйлестіруі.

Оңтүстік Кореяда Korea Development Bank атты банк бар. Ол өнеркәсіпті жаңғырту, технологиялық даму, экспорттық әлеует пен стратегиялық салаларды қаржыландыру бағытында жұмыс істейді. Қазақстан осы тәжірибенің жекелеген элементтерін қолдана алады. Мысалы, Германиядан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау моделін, ал Кореядан технологиялық жаңғырту мен экспортқа бағытталған өндірісті қаржыландыру тетіктерін үйренуге болады.

Ең маңыздысы – шетелдік модельдерді сол күйінде көшірмей, Қазақстанның экономикалық және институционалдық құрылымына бейімдеу қажет.

— Мұндай қаржы институтын құру еліміздің өнеркәсібі мен экономикасының дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

— Егер бұл институт дұрыс ұйымдастырылса, бұл Қазақстан экономикасына бірнеше маңызды әсерін тигізіп, экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Біз мұнай, газ, металл және басқа да табиғи ресурстарды экспорттайтын елміз. Алайда осы шикізатты өз елімізде терең өңдеп, дайын өнім шығаруымыз қажет. Мысалы, металды тек шикізат ретінде сатпай, одан машина жасауға қажетті бөлшектер мен басқа да дайын өнімдер өндіруді дамыту керек.

Екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Әрбір жаңа зауыттың іске қосылуы тек сол кәсіпорындағы жұмыс орындарымен шектелмейді. Оның айналасында логистика, тасымал, шикізат жеткізу, қызмет көрсету, қосалқы бөлшектер өндіру сияқты көптеген шағын және орта бизнес субъектілері қалыптасады.

Үшіншіден, импортқа тәуелділігіміз азаяды. Қазір көптеген өнеркәсіп кәсіпорны аралық өнімдерді шетелден сатып алады. Оларды өз елімізде өндіру ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден, экспорттық әлеует артады. Қазақстанда өндірілген тауарларды халықаралық нарыққа шығарып, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туады.

Бесіншіден, салық түсімдері мен еңбек өнімділігі артады. Яғни, банктің қызметін нақты нәтижелер арқылы бағалау қажет. Атап айтқанда, қанша жұмыс орны ашылды, өндіріс көлемі қаншалықты өсті, қанша жаңа кәсіпорын іске қосылды және импортқа тәуелділік қаншалықты азайды деген көрсеткіштерге назар аудару керек.

Яғни, Қазақстанда Өнеркәсіптік банк құру мәселесін кең ауқымда қарастыруы қажет. Бірақ ең алдымен қолданыстағы қаржы институттарының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, олардың арасындағы функцияларын нақты ажырату маңызды.