Қазақстан Ұлттық банкінде келесі жылдан бастап қандай ұлттық валюта банкноттары айналымнан шығарыла бастайтыны айтылды, деп хабарлайды ult.kz.
Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметінше, 2027 жылдан бастап Қазақстанда номиналы 500, 1 000 және 10 000 теңгелік үш түрлі банкнот айналымнан шығарылады.
500 теңге
2017 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноттар жаңа банкноттармен қатар 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін айналымда болады.

Осы мерзімнен кейін айналымда тек 2025 жылғы үлгідегі 500 теңгелік жаңа банкноттар ғана қалады.

1 000 теңге
2014 жылғы үлгідегі 1 000 теңгелік банкноттар айналымнан кезең-кезеңімен шығарылады. Оларды пайдаланудың соңғы мерзімі – 2027 жылғы 27 наурызға дейін.

Осы мерзімнен кейін қазақстандықтар тек 2024 жылғы үлгідегі 1 000 теңгелік банкнотпен ғана төлем жасай алады.

10 000 теңге
Ал 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттың айналымда болу мерзімі 2027 жылғы маусым айына дейін ұзартылды.

Аталған мерзім аяқталғаннан кейін айналымда тек 2024 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік жаңа банкноттар ғана қалады.

Тағы қандай банкноттар айналымнан шығарылады?
Ұлттық банк өкілдері 2013/2015 жылғы үлгідегі 20 000 теңгелік банкноттың да жаңасына ауыстырылатынын хабарлады. Бұл процесс 2027 жылы жаңа банкнот айналымға шыққаннан кейін басталады. Одан соң ескі үлгідегі банкнот тағы кемінде бір жыл бойы төлем құралы ретінде қабылданады.


Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк өкілдері ескі және жаңа үлгідегі банкноттардың қатар айналымда болу кезеңіне қатысты бірнеше рет түсініктеме берген болатын.
«Жаңа және ескі үлгідегі банкноттар қатар айналымда болатын кезеңде заңды төлем құралы болып саналады. Олар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, сондай-ақ банктік шоттарға ақша салу үшін номиналдық құны бойынша міндетті түрде қабылдануға тиіс», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Ескі үлгідегі банкноттардың қатар айналымда болу мерзімі аяқталғаннан кейін де қазақстандықтар оларды жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастай алады. Ол үшін:
- екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне белгіленген мерзім ішінде жүгінуге болады;
- Ұлттық банктің филиалдарында ескі банкноттарды мерзімсіз айырбастауға мүмкіндік бар.
Ескі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастау мерзімдері
Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қазақстандықтар төмендегі ескі үлгідегі банкноттарды көрсетілген мерзімдер аралығында жаңа банкноттарға айырбастай алады:
2017 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноттар – 2027 жылғы 25 желтоқсаннан 2030 жылғы 24 желтоқсанға дейін;
2014 жылғы үлгідегі 1 000 теңгелік банкноттар – 2027 жылғы 28 наурыздан 2030 жылғы 27 наурызға дейін;
2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттар – 2026 жылғы 25 маусымнан 2029 жылғы 24 маусымға дейін;
2011 жылғы үлгідегі 5 000 теңгелік банкноттар – 2025 жылғы 25 қыркүйектен 2028 жылғы 25 қыркүйекке дейін;
2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттар – 2027 жылғы 28 маусымнан 2030 жылғы 27 маусымға дейін.
Айта кетейік, 2026 жылғы 25 маусымнан бастап Қазақстанда 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттар айналымнан шығарылды. Сол кезде Ұлттық банк ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде үш жыл бойы, ал Ұлттық банктің филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болатынын хабарлаған болатын.