Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Әкімді мақтаған видео әлеуметтік желіде шу туғызды: Абай облысының әкімдігі жауап берді

Әкімді мақтаған видео әлеуметтік желіде шу туғызды: Абай облысының әкімдігі жауап берді

Семей қаласындағы екі асабаның облыс әкімін мақтаған мазмұндағы бейнежазбасы әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Қоғамда түрлі пікір туғызған видеоға қатысты Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым ресми түсініктеме берді. Оның айтуынша, бейнежазбаның облыс әкімдігіне және өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ, деп хабарлайды ult.kz.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, бейнежазба 2026 жылғы 25 қараша күні кешке Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде жарияланған. Оны көрген бойда авторлардан видеоны әлеуметтік желілерден өшіру талап етілген. Нәтижесінде бейнежазба авторлардың парақшаларынан алынып тасталған.

Алайда сол уақыт аралығында оның көшірмелері жасалып, WhatsApp мессенджері мен басқа да ақпараттық арналар арқылы таралып үлгерген.

Азамат Қасым бейнежазбаны түсірген азаматтардың мемлекеттік органдарға немесе мәдениет ұйымдарына қатысы жоқ екенін атап өтті.

«Аталған бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдегі мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен әзірленіп, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалды түсіруге немесе таратуға ешқандай тапсырма берілген жоқ», – деді баспасөз хатшысы.

Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың, өңірлік мекемелер мен ресми тұлғалардың атын жеке бастамалармен байланыстыру кезінде ақпараттың анықтығы мен шынайылығын сақтау қажеттігін еске салды.

«Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларынан ақпарат тарату кезінде оқиғаның нақты мән-жайын ескеруді, расталмаған мәліметтер мен жаңсақ пайымдарға жол бермеуді сұраймыз», – деп түйіндеді Азамат Қасым.