Бүгінде әндерін қалың жұртшылық жатқа айтатын өнер иелерінің барлығы бірдей бала кезінен сахнаға шығуды армандамаған. Бірі әскери қызметте шен алғысы келсе, енді бірі анасының ақылымен музыкалық байқауға қатысқан. Ал кейбірінің өмірін кездейсоқ мүмкіндік өзгерткен, деп хабарлайды ult.kz.
Мадина Сәдуақасова – офицер болуды армандаған
Қазақ эстрадасының танымал әншісі Мадина Сәдуақасова кезінде әскери қызметте жоғары шен алуды көздеген. Өнер иесі бұл туралы “Замандастар” бағдарламасында айтқан.
2000 жылы әнші Президент оркестрінде жұмыс істеп, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ән орындаған. Ол кезде эстрадаға бет бұруды жоспарламаған.

2003 жылы композитор Ермек Елгезеков әншіге Алматыға көшіп, шығармашылығын шыңдауды ұсынады. Алайда әскери қызметте сержант дәрежесіне жеткен Мадина бастапқыда бұл ұсынысты қабылдамайды.
Кейін композитор оған “Махаббат жалыны” әнін жазып береді. Ән алғаш рет Санкт-Петербургте Шұғыла Сапарғалиқызының кешінде орындалып, көрермендердің ықыласына бөленген. Осылайша офицер болуды көздеген Мадина эстрадаға бет бұрған.
Дастан Оразбеков – өмірін бір іріктеу өзгерткен
“Орда” тобы арқылы танылған Дастан Оразбеков те бала күнінде кәсіби әнші болуды армандамаған.
Оның өнерге деген қызығушылығын мектептегі музыка пәнінің мұғалімі оятқан. Алғаш рет мектепішілік байқаулар мен Жаңатас қаласындағы концерттерде өнер көрсеткен.

15 жасында отбасымен Алматыға қоныс аударған Дастан музыкадан алыстап, спортпен шұғылдануға көбірек көңіл бөле бастайды.
Алайда бір күні ағасы білім алатын театр колледжінде музыкалық топқа әнші іздестіріліп жатқанын естиді. Іріктеуге қатысқан Дастан үшін бұл шешім үлкен өнерге бастар жолдың алғашқы қадамы болған.
Мақпал Исабекова – анасының ұсынысымен байқауға қатысқан
Мақпал Исабекованың үлкен сахнаға шығуына анасы себепкер болған. Әнші алғашында “SuperStar KZ” музыкалық жобасына өз еркімен қатысуға ниеттенбеген. Өйткені ол кезде өз қабілетіне аса сенімді болмаған.
Анасы оған байқаудың қазылар алқасында Батырхан Шүкеновтің отыратынын айтып, бағын сынап көруге шақырған.

2015 жылы жарияланған сұхбатында Мақпал сол кезде байқауға қатысып, кейін кәсіби әнші атанамын деген ойы болмағанын жеткізген.
Дегенмен анасының ұсынысымен қабылдаған шешімі оның өмірін өзгертіп, эстрададағы шығармашылық жолының басталуына себеп болды.
Ескендір Хасанғалиев – журналист болуы мүмкін еді
Қазақстанның халық әртісі, композитор Ескендір Хасанғалиев те мектеп қабырғасында ән айтқанымен, кәсіби әнші әрі сазгер болатынын ойламаған.

1956 жылы 16 жасында Алматыға оқуға аттанған өнер иесі консерваторияға түспек болған. Алайда жолда достары оны журналистика мамандығын таңдауға көндірген.
Журналистика факультетіне түсе алмаған жас өнерпаз кейін құрылыс саласында да еңбек еткен. Ақырында музыкаға қайта оралып, қазақ өнерінің көрнекті тұлғаларының біріне айналды.
Оның “Атамекен”, “Әдемі-ау”, “Сағындым сені” секілді әндері қазақ музыкасының алтын қорынан орын алды.
Бүгінде есімдері елге кеңінен танылған бұл өнер иелерінің өмір жолы мамандық таңдау кезінде қабылданған бір шешімнің, ұстаздың қолдауы мен жақын адамның ақылының қаншалықты маңызды екенін аңғартады.