Сахнадағы қошемет, үздіксіз гастроль, ән жаздыру, түсірілім мен той – өнер адамдарының күнделікті тіршілігінің бір бөлігі. Алайда осы қарбаластың арасында отбасына, әсіресе балаларына уақыт бөле алмай қалатын әншілер де бар. Бірі босанғаннан кейін жеті күннен соң сахнаға шықса, енді бірі тұңғышына жеткілікті көңіл бөлмегені үшін өзін әлі күнге дейін жазғырады. Қазақ эстрадасының бес әншісі өнер мен бала тәрбиесін қатар алып жүрудің қандай қиындықтары барын сұхбаттарында ашық айтқан. Олардың ана ретінде айтқан сырларына Ult.kz тілшісі шолу жасады.
1. Меруерт Түсіпбаева – босанғаннан кейін жеті күннен соң сахнаға шыққан

Әнші әрі актриса Меруерт Түсіпбаева 2023 жылы "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында ұлының тәрбиесіне қатысты өкінішін жасырмады. Өнер иесі Нұрғиса есімді ұлын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелген. Соған қарамастан, босанғаннан кейін небәрі жеті күн өткенде сахнаға шыққан. Әншінің айтуынша, баласының тәрбиесімен көбіне анасы айналысқан. Кейін ұлы қазақ-түрік лицейінде білім алған.
"Баламды анам тәрбиеледі. (...) Балама көңіл бөле алмағаныма өкінемін", – деді әнші.
Өнер иесі ұлының тәрбиесіне атсалысқан анасына, бауырларына және ұстаздарына алғыс білдірді. Сондай-ақ тағы бір перзент сүйгісі келгенін де жасырмады. Сұхбат берілген уақытта Нұрғиса Варшава қаласында білім алып жүрген. Ұлы өз кезегінде анасының мейірімді екенін, үнемі қамқорлық танытып, өзі үшін алаңдайтынын жеткізген.
2. Индира Елемес – тұңғышына көңіл бөле алмағаны үшін өзін жазғырады

Әнші Индира Елемес "Мамский әңгіме" подкастында ерте ана атанудың қандай қиындықтары болғанын баяндады. Өнер иесі ерте тұрмыс құрып, 18 жасында тұңғышын дүниеге әкелген. Сол уақытта ол білім алып, жұмыс істеп жүрген. Оған қоса, жас келін ретінде үй шаруасымен де айналысқан. Осындай міндеттердің арасында баласына жеткілікті уақыт бөлуге мүмкіндігі болмаған.
"Шынымды айтсам, балама көңіл бөлетін уақытым да, мүмкіндігім де болмады", – деді өнер иесі.
Әнші сол кезеңді еске алғанда кейде өзін жек көріп кететінін де мойындаған. Дегенмен ол баласын асырау үшін ақша табуға мәжбүр болғанын түсіндірді. Тұңғышынан кейін ұлын дүниеге әкелгенде аналық жауапкершілікті басқаша сезінген. Екінші перзентін саналы түрде қалап, ана болуға дайындықпен келгенін жеткізді.
3. Роза Әлқожа – өнер мен кәсіптің арасында балаларына уақыт таппаған

Бес баланың анасы, әнші Роза Әлқожа 2017 жылы "Түркістан" басылымына берген сұхбатында өнермен қатар кәсіп жүргізудің оңай емес екенін айтқан. Әнші қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киімдер мен орамалдар шығаратын кәсіпті қолға алған. Оның айтуынша, шығармашылық пен кәсіпті қатар алып жүру отбасына бөлетін уақытын азайтқан.
"Соңғы кезде отбасыма, балаларыма да көңіл бөле алмай жүрмін", – деді әнші.
Өнер иесі кезінде қатарластарынан қалып қойып, он жыл бойы үлкен сахнаға шыға алмағанын да айтқан. Тек 2010 жылы жеке концертін ұйымдастырғаннан кейін өнердегі еңбегі кеңінен бағалана бастаған.
Ал 2026 жылы берген сұхбатында бес баласын дүниеге әкелгеннен кейін де жөнді күтінбегенін жеткізді. Әнші әр босанған сайын көп ұзамай жұмысқа кірісіп кеткенін еске алды. Өзі көрген қиындықты келінінің басынан өткергенін қаламайтынын да айтты. Сондықтан келіні босанғанда оның күтіміне ерекше көңіл бөлген.
4. Диная – баласының алдында өзін кінәлі сезінетінін мойындаған

Бұрын Әдемі есімімен танылған әнші Диная 2015 жылы "Новая волна" халықаралық ән байқауында екінші орын иеленген. 2016 жылы Lada.kz басылымына берген сұхбатында өнер жолы мен аналық міндеті туралы сыр шертті. Журналист әншіден баласына жеткілікті көңіл бөлмегені үшін өзін кінәлі сезінетінін сұраған. Өнер иесі мұндай сезімнің өзіне де таныс екенін мойындаған. Диная тұрмысқа шыққаннан кейін әншілікті қойып, бүкіл уақытын отбасына арнауды ұйғарған.
"Тұрмысқа шыққан соң үй шаруасымен айналысамын деп, ән айтуды қойдым. Бұл қате шешімім болды", – деді әнші.
Жүктілік кезінде өнер иесінің денсаулығы сыр беріп, аяғы істемей қалған. Ол жеті ай бойы оңалту емінен өткен. Денсаулығы түзеліп, баласын дүниеге әкелгеннен кейін қайтадан өнерге оралған. Әнші тек үй шаруасымен айналысу өзінің тұлға ретінде дамуына кедергі болғанын түсінген.
5. Мақпал Жүнісова – гастрольге кеткенде қызы жылайтын болған

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова 2010 жылы "Караван" басылымына берген сұхбатында қызы Мерейдің тәрбиесі туралы әңгімелеген. Әнші қызымен бірге алаңсыз серуендеуге мүмкіндігі сирек болатынын айтқан. Себебі көпшілік орындарда тыңдармандары оны танып, қолтаңба сұрап, айналасына жиналатын болған. Мұндай сәттерде Мерей шаршап, анасымен дұрыстап серуендей алмағанына қынжылатын. Сондықтан өнер иесі кейде қызын туыстарымен бірге демалуға жіберген.
Мерей бірінші сыныпқа барғанда әнші барлық жұмысын кейінге қалдырып, үш ай бойы қызын мектепке өзі апарып, алып жүрген. Анасының күнделікті қасында болғанына үйренген Мерей бір күні әнші гастрольге кеткенде жылап қалған. Осы оқиғадан кейін Мақпал Жүнісова қызына отбасын асырау үшін жұмыс істеу керектігін түсіндіре бастаған.
"Біздің әкеміз жоқ, ақшаны анаң табуы керек", – деген әнші қызына (орыс тілінен аударылды).
Кейін Мерей анасының гастрольдік сапарға не үшін шығатынын түсінетін болған.
Өнер мен бала тәрбиесін қатар алып жүру – сахнадағы аналардың алдында тұрған үлкен сын. Бірі отбасын асырау үшін тынымсыз еңбек етсе, енді бірі өнерден қол үзбеуге тырысқан. Алайда баланың балалық шағы, алғаш қадам басқан сәті мен анасына еркелеген күндері қайтып келмейді. Мұны кейбір өнер иелері балалары есейгенде ғана терең түсінген.
Дегенмен олардың өкініші баласына деген махаббатының аздығынан емес, аналық мейірімі мен кәсіби жауапкершілігінің арасында тепе-теңдік табудың қиындығынан туындаған. Сахнадағы жетістік қаншалықты үлкен болғанымен, баламен бірге өткізген уақыттың орны бөлек.