Қарағанды облысының Шахтинск қаласында балалар алаңы мен стадион аумағындағы қоғамдық мүлікті бүлдірген төрт адам анықталды. Олардың әрекеті әлеуметтік желіде тараған видео арқылы әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, жазбада үш жігіт пен бір қыздың бөбекжай мен стадион аумағындағы қоршаулар мен көше жиһаздарын әдейі қиратқаны көрінеді.
Полиция күдіктілердің жеке басын анықтады. Олардың үшеуі – 18 және 19 жастағы жергілікті тұрғындар. Екі 19 жастағы жігіт пен тағы бір тұрғын уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың бұған дейін де әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Төртінші қатысушының көршілес мемлекеттің 17 жастағы азаматы екені анықталды. Ата-анасы шетелде болғандықтан, жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Полиция қоғамдық мүлікті бүлдіру заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.