Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті блогерлер мен фотографтарды Үстірт қорығындағы қоқиқаздарды видеоға түсіру үшін дрон ұшырмауға шақырды. Ведомство мұндай әрекет құстарды үркітіп, олардың табиғи тіршілігіне зиян келтіретінін ескертті, деп хабарлайды ult.kz.
Комитеттің мәліметінше, дронның шуы мен жақындауы қоқиқаздардың қоректенуі мен тынығуына кедергі келтіреді. Мұндай жағдай қайталанса, құстар келесі маусымда бұл аумаққа оралмауы мүмкін.
Сонымен қатар заң бойынша топтасып ұшатын құстар мекендейтін аумақтардың үстінен ұшу аппараттарының 1 шақырымнан төмен биіктікте ұшуына тыйым салынған. Бұл талап дрондарға да қатысты. Заң бұзғандар жауапкершілікке тартылады.
Комитет блогерлерді, фотографтар мен туристерді табиғатты қорғау талаптарын сақтауға шақырды.