Шымкенттегі дәмханалардың бірінде келушілер арасындағы жанжал соңы әйелдің жарақат алуымен аяқталды. Оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Желіде жарияланған кадрлардан екі үстелде отырған адамдардың сөзге келіп қалғанын көруге болады. Жанжал кезінде ер адам әйелге қолындағы шыны ыдысты лақтырған.
Әлеуметтік желіде тараған мәліметке қарағанда, ер адамдар көрші үстелдегі әйелдермен танысқысы келген. Алайда олар бас тартқан соң, ер адамдар балағат сөздер айта бастаған.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 25 қарашада болған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Жанжал барысында ер адам әйелге шабуыл жасап, оған шыны ыдысты лақтырған. Салдарынан әйелдің беті мен қолы жарақаттанған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады», – деп хабарлады полиция.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.