Белгілі актер Азамат Сатыбалды жұбайы Назгүл Қарабалинадан ешқашан кешірім сұрамайтынын мойындады. Өнер иесі мұның себебін отбасында кенже бала болып өскенімен байланыстырды, деп хабарлайды ult.kz.
Актердің бұл сөзін жанында отырған жары да растады.
“Азамат кешірім сұрамайды”, – деді Назгүл Қарабалина.
Бұған дейін актриса журналист Айнұр Асанбердіге “Әңгіме бар” подкастында берген сұхбатында күйеуінің ерке мінезі туралы айтқан. Оның сөзінше, Азамат – тоғыз баланың кенжесі. Отбасы мүшелері оның көңіл күйіне бейімделіп, еркелігін көтеруге үйренген.
Айта кетейік, Айнұр Тұрсынбаева ұлы мен келінін сынап тастады.
Азамат Сатыбалды кім?
Азамат Сатыбалды – қазақстандық театр және кино актері, продюсер, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1977 жылы 2 қарашада Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында өскен, тоғыз ағайындының кенжесі.

1997 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түскен. Еңбек жолын Қостанай облыстық драма театрында бастап, 2001 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының труппасына қабылданған.
2002 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері атанды. 2014 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілді.
2017 жылы “Cinema 28” киностудиясы мен “28 Theatre” жеке театрын ашты.

2018–2022 жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры, 2022–2023 жылдары Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды. 2023–2024 жылдары Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясын басқарды.
Жұбайы – белгілі актриса, режиссер Назгүл Қарабалина. Өнерлі жұп бір ұл тәрбиелеп отыр.